Е санаты – аса мұқтаж 212 мың отбасы мемлекет бақылауында

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 212 мыңға жуық үй шаруашылығы әлеуметтік осал санатқа жатады. Бұл елдегі барлық үй шаруашылығының шамамен 3%-ы және әлеуметтік бағалаудың Е санатына жатады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мұндай отбасыларды анықтап, оларға мемлекеттік көмек бірінші кезекте көрсетілетінін айтты.

Е санаты – аса мұқтаж 212 мың отбасы мемлекет бақылауында
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Министрдің сөзінше, Е санаты – әлеуметтік осал деңгейдегі отбасылар. Олардың табысы мүлде болмауы мүмкін немесе кедейлік шегінен төмен деңгейде болады.

Сондай-ақ ұзақ уақыт бойы өтелмеген несие берешегі, еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің болмауы немесе жеке баспанасының жоқтығы да осындай жағдайдың белгілеріне жатады.

– Бұл санаттағы отбасылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы аса күрделі. Олардың қатарында қарт адамдар, мүгедектігі бар адамдар және асыраушысынан айырылған отбасылар бар. Барлығы 212 мың немесе 3% отбасыға мемлекеттік қолдау бірінші кезекте көрсетілуі керек, – деді Асқарбек Ертаев.

Еңбек министрі Отбасының цифрлық картасының негізгі міндеті – олардың өтініш беруін күтпестен, автоматты түрде анықтау екенін еске салды.

– Әлеуметтік әл-ауқат деңгейіне қарай бөлу жүйесінде С, D және Е санаттарына жататын шамамен 4,8 миллион үй шаруашылығы мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығын сақтайды, – деді ол.

Бұған дейін Еңбек министрі «А» санатының белгілерін атаған еді.

Жәрдемақы үшін ажырасудың алдын алу үшін бөлек тұратын ата-аналар да баланың отбасы құрамына енгізіледі.

Еңбек министрі 36 жәрдемақының 14 түріне ғана мұқтаждық критерийі енгізілетінін айтуда.