Е. Ыдырысов: Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне АҚШ тарапынан қолдау көрсетіледі деп үміттенеміз

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы және Америка Құрама Штаттары арасындағы экономика, сауда және инвенстициялар, парламентаралық ынтымақтастық салаларындағы қарым-қатынастардың одан әрі тереңдетілуі ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың Вашингтондағы іс-сапарының 11 желтоқсандағы екінші күнінде қарастырылған басты мәселелер болды, деп хабарлады ҚР СІМ.
None
None

Өкілдер палатасы Шетел істері комитетінің төрағасы Эд Ройспен кездесуі барысында парламентаралық байланыстардың одан әрі нығаюы, өңірлік ынтымақтастық мәселелері және халықаралық күн тәртібі талқыланды.

Кездесуде елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейі және тараптардың стратегиялық серіктестікті нығайтуға мүдделілігі атап өтілді. Е. Ыдырысов және Э. Ройс парламентаралық ынтымақтастықты одан әрідамыту, өзара байланыстарды арттыру маңыздылығын ерекше атап өтті.

Е. Ыдырысов сұхбаттасушыны Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Қазақстан халқына жолдауының негізгі қағидаларымен таныстырып, жаңа экономикалық саясаттың 30 дамыған елдің қатарына енуге бағытталғанын айтты.

«Бұл мақсаттың жүзеге асырылуы Қазақстанның ДСҰ-ға кіруін жеделдетер еді. Осы орайда АҚШ тарапынан қолдау көрсетіледі деп үміттенеміз», - деді Е.Ыдырысов.

Халықаралық күнтәртібін сөз еткенде сұхбаттастар лаңкестікпен күрес мәселелеріне тоқталып, «Ислам мемлекеті», Ауғанстан және Украина тақырыбын талқылады.

Мұнымен қатар, геосаясат мәселесі Е. Ыдырысовтың Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының президенті Джон Хамремен және «Guggenheim International» Сараптамалық инвестициялық компаниясының президенті Майкл Медишпен кездесуінде көтерілді.

ҚР СІМ Басшысы мүшелігіне «AES Corporation», «AGCO», «Baker Hughes», «Boeing», «Case New Holland», «Cashman Equipment Corp.», «Chevron Corporation», «Deere & Company», «Exxon Mobil», «Fluor Corporation», «General Electric», «Halliburton», «NUKEM», «Parker Drilling», «SigmaBleyzer Investment Group», «Sikorsky Aircraft», «Solar Turbines», «Tethys Petroleum Inc.»және т.б. компаниялар кіретін Америка-Қазақстан іскерлік қауымдастығы ұйымдастырған дөңгелек үстел отырысына қатысты.

Е.Ыдырысов бизнес-қауымдастықтың өкілдерін инвестициялық климатты қолайландыру мақсатында Қазақстан Үкіметі қабылдап отырған кең-ауқымды шаралармен таныстырды. Жында шетелдік инвесторларға берілетін салықтық жеңілдіктер, инвестициялық омбудсмен лауазымын қалыптастыру, Қазақстанның 10 жетекші экономикалық әріптес елдеріне визасыз режімнің іске қосылуы қарастырылған заңнамалық және басқа да жаңалықтар баян етілді.

«Америкалық кәсіпкерлерді «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында, алдағы уақытта Әлемдік Сауда Ұйымына кіруі, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық, сондай-ақ 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Еуразиялық экономикалық одақты құру жөніндегі келісімнің күшіне енуі шеңберінде Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігі қызықтырды.

АҚШ-тың бизнес өкілдері елдегі бизнес-климатты жақсарту мен инвесторлар үшін жасалып отырған преференциялар үшін Қазақстан қабылдаған қадамдарына қолдау танытып, сауда және инвестиция саласындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті. 2014 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, АҚШ-тан Қазақстанның экономикасына тікелей инвестициялар көлемі 2,3 млрд. АҚШ долларын құрап, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе артқан. Негізгі инвестициялар өндіруші өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік нарығы мен іскерлік қызметтерге, сонымен қатар қаржы секторына бағытталған. 2014 жылдың екінші тоқсанында өзара тауарайналым 21%-ға арта түскен.

Е.Ыдырысовтың Вашингтонға екі күндік сапары екіжақты қарым-қатынастың өзекті мәселелері бойынша саяси және іскер истеблишмент өкілдері мен АҚШ сарапшылар ортасымен пікір алмасуға мүмкіндік беріп, қазақстандық-америкалық стратегиялық әріптестікті одан әрі жан-жақты тереңдету мен кеңейтуге деген өзара мүдделілікті қуаттады.

Соңғы жаңалықтар