Е.Ыдырысовтың әріптесі Грейс Фумен кездесуі барысында Қазақстан мен Сингапур арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен хабарлады.
Бүгінде Қазақстан мен Сингапур жақсы іскер әріптестер болып табылады, түрлі салалардағы ынтымақтастық дамып келеді, өзара ықпалдастықтың айтарлықтай жоғары деңгейіне қол жеткізілді. Біздің елдеріміз арасындағы ұзақ мерзімді болашаққа арналған жемісті ынтымақтастық негізін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 1996 және 2003 ж.ж. Сингапурға сапары, сонымен қатар Сингапурдың Бірінші Премьер-Министрі Ли Куан Юдың біздің елімізге 1991 жылы жасаған сапарлары қалады. Бұл өзара тиімді бағыттардың барлық спектрі бойынша ынтымақтастықты дамытуға қолайлы жағдай туғызуға мүмкіндік берді.
Е.Ыдырысов пен Г.Фу кең ауқымды екіжақты мәселелерді, сонымен қатар аймақтық және халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқыға салды. Екі елдің министрлері ғаламдық экономикалық құлдырауға қарамастан мемлекеттеріміз арасындағы тауар айналымы өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 60 пайызға өскенін қанағаттана атап өтті.
Ынтымақтастықтың тағы маңызды бағыты - мұнай өңдеу саласындағы бірлескен жұмыс болып табылады. Осылайша, сингапурлық «Jurong Consultans» компаниясының қатысуымен еліміздің батысында ірі жоба - мұнайхимиялық парк жүзеге асырылуда. «Бірлескен химиялық компаниямен» бекітілген Келісімге сәйкес, «Jurong Consultans» Атырау облысы Қарабатан стансасындағы мұнайхимиялық парктің бас жоспары мен техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуде. Бас жоспар бойынша түрлі полимерлер мен полиэтилендер өндіретін төрт зауыт салынып, 2016-2018 ж.ж. қолданысқа беріледі.
Сонымен қатар, тараптар белгілі сингапурлық «Changi Airport International» компаниясының Алматы қаласы жанында жаңа әуежай құрылысы жобасына қатысуы бойынша мәселелерді талқыға салды. Кәсіптік-техникалық саласындағы ынтымақтастықтың деңгейі аталып өтілді. Осылайша, «Темасек Фаундейшн» сингапурлық қордың қаржылай көмегінің арқасында 2012 жыл бойы техникалық және кәсіптік жүйедегі 100-ден астам қазақстандық жетекші және педагогикалық қызметкерлер Сингапурда білімін көтерді.
Сондай-ақ министрлер білім беру және ғылым салалары екіжақты қарым-қатынастың күн тәртібіндегі дәстүрлі бағытқа айналғанын жасырмады. 2012 жылы «Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебі» мен «Назарбаев Университеті» арасында ұзақ мерзімді ынтымақтастық жөніндегі Келісімге қол қоюды тараптар алдағы уақытта ғылыми байланыстарды белсендендіруге бағытталған оң қадам деп бағалайды.
Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне жетекші сингапурлық компаниялардың қатысуы келіссөздердің өз алдына бөлек тақырыбына айналды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша саяси саладағы қазақстан-сингапурлық қарым-қатынасты одан әрі кеңейтуге және көпжақты құрылымдар шеңберіндегі өзара ықпалдастықты нығайтуға арналған Қазақстан Республикасы мен Сингапур арасындағы өзара түсіністік пен саяси кеңестер туралы меморандумға қол қойылды.
Келіссөздер соңында өткен баспасөз конференциясы барысында Е.Ыдырысов Қазақстан Сингапурдың жемісті әлеуметтік-экономикалық дамуын өзіне икемдеп алып отырғанын атап өтті. Атап айтқанда, біздің елімізде үкіметтік активтерді басқару бойынша мемлекеттік холдинг құру, сонымен қоса саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметкерлерді қарастыратын мемлекеттік қызметтің сингапурлық моделінің элементтері қабылданды. Ол екі елдің әріптестікті одан әрі кеңейту мен тереңдетуге деген мүдделілігін ерекше атап өтті. Е.Ыдырысов Сингапур СІМ басшысына сол елдің Премьер-Министрі Ли Сянь Лунға Қазақстанға өзіне қолайлы уақытта келуге шақыруын табыс етті. Шақыру сингапурлық тараппен ризашылықпен қабылданды.