ЕАЭО елдері арасында аудиторлық қызметтің бірыңғай нарығы құрылады - Мәжіліс
Мәжіліс «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде аудиторлық қызметті жүзеге асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында заң жобасын таныстырған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев құжаттың ЕАЭО-ға мүше елдерде аудиторлық қызметтің бірыңғай нарығын қалыптастыруға, реттеуге бағытталғанын айтты.
«Келісімнің мақсаты – Одақта аудиторлық қызметтердің бірыңғай нарығын қалыптастыру. Атап айтқанда, орналасқан елде қосымша мекеме ашпастан, шектеулер мен алып қоюларсыз аудиторлық қызметтерді көрсету және алу, аудиторлардың біліктілік аттестаттары мен аудиторлық қорытындыларын өзара тану болып табылады. Келісім аудиторларға, ұйымдарға, аудиторлық қызметті жүзеге асыруға құқықтың туындауы мен тоқтатылуына, емтихандарға, сапаға сыртқы бақылау жүргізуге және аудиторлық қызмет стандарттарына бірыңғай талаптарды айқындайды. Қазақстан үшін аудиторлық қызметті ішкі реттеудің кейбір ерекшеліктері келісімнің 32-бабында ескерілген. Бұл ерекшеліктер қазақстандық аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың құқықтарына қысым көрсетпеуге мүмкіндік береді», - деді Ерұлан Жамаубаев.
Айта кетейік, аталған келісім аясында мүше мемлекеттердің аудиторлық ұйымдарына ЕАЭО елдерінде қызметін жүзеге асыруға рұқсат етіледі.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев келісім 2 кезең бойынша күшіне енетінін атап өтті. Алғашқы сатысында ұйымдастыру мәселелеріне қатысты баптар қолданысқа енеді. Одан кейін Еуразиялық экономикалық одақтың Жоғарғы кеңесі айқындаған күннен бірыңғай нарық жұмыс істеп бастайды.
Талқылаулар нәтижесінде Мәжіліс заңды қабылдап, Сенаттың мақұлдауына жіберді.