ЕАЭО елдеріне ортақ экологиялық акция елордада басталды
«ЕАЭО елдерінің Қоршаған орта министрлері ЕурАзЭҚ отырысында 5 маусым күні үш елде бірдей осындай сенбілік өткізуге уағдаласқан едік. Біздіңше, бұл өте жақсы акция. Бұл әзірше бірінші шара, дегенмен болашақта ол біздің Еуразиялық құрлықта өз жалғасын табады деп ойлаймын», - деді Н.Қаппаров БАҚ өкілдеріне.
Ал Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің Орман және аң шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Өстеміровтің атап өтуінше, елорданың қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына тақау аймақта сенбік жасаудың өзіндік мәні бар. Өйткені, Астананың «жасыл белдеуіне» кіретін орман алқабы полигонға жақын орналасқан. Яғни, осы полигоннан ұшқан қалдықтар орман алқабын ластауда.
«Бұл екпелердің жалпы көлемі мың гектардан асып жығылады. Дегенмен, біз бүгін полигонға тақау орналасқан 100 гектар аумақты қоқыстан тазалайтын боламыз», - деді ол.
Айта кетейік, бүгін ЕАЭО-ның экологиялық акциясы Қазақстанның барлық аумағында өтуде. Оған шамамен 130 мың адам қатысуда.