ЕАЭО елдерінің азаматтары Қазақстан банктерінен 120 млрд теңге несие алған

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредит тарихының құрамына кіретін мәліметтерді алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келісім кредит тарихының құрамына кіретін мәліметтерді алмасу тетігін, тәртібі мен шарттарын айқындайды. Бір жағынан, басқа мүше мемлекеттердің аумақтарындағы банктерге кредиттік ресурстар үшін жүгінген кезде, ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттің резиденттері үшін тең жағдайлар жасауға және екінші жағынан, банктер үшін басқа мүше мемлекеттердің резиденттеріне несие беру туралы шешімдер қабылдау кезінде тәуекелдерді сапалы бағалау мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл өз кезегінде ЕАЭО аясында трансшекаралық кредит беруді дамытуға ықпал етеді.

Бұдан басқа, Келісім мүше мемлекеттердің қаржы нарығын реттейтін органдардың өкілеттіктерін айқындайды.

«Қазіргі кезде ЕАЭО елдеріндегі кез келген резидент, яғни жеке немесе заңды тұлғалар Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы мемлекеттердегі екінші деңгейлі банктен несие ала алады. Ұлттық банк мәліметіне қарағанда, биылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша ЕАЭО-ның басқа елдерінің 2 мыңға жуық жеке және 42 заңды тұлғасы біздің банктерден 120 млрд теңгеге жуық несие алған. Алайда, ЕАЭО елдері ішінде несие бойынша мәліметтермен алмасу тәртібі шешілмеген. Осы орайда, аталған құжат бұл саладағы мәселелерді шешуге ықпал етеді», - деді Сенат депутаты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, былтыр Келісім Арменияда, Беларусьте және Қырғызстанда ратификациялау процесінен өтті.


Соңғы жаңалықтар
telegram