ЕАЭО еркін сауда аймағын кеңейте бастады
МӘСКЕУ.KAZINFORM - 2025 жылы Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) негізгі экономикалық көрсеткіштері оң динамиканы сақтап қалды. Интеграциялық бірлестікке мүше елдер арасындағы ұлттық валюталармен есеп айырысу үлесі 93%-ға жетті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев Мәскеуде өткен «Еуразиялық интеграция жолдары: 2030 жылға қарай қайда барамыз?» атты интеграциялық форумда мәлімдеді.
Оның айтуынша, кедендік ынтымақтастық, техникалық реттеу және сыртқы сауда салаларында кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін шешуге айтарлықтай көңіл бөлінген. 2025 жылы келіп түскен өтініштердің 94%-ы реттелген.
— Бұл көрсеткіштер еуразиялық интеграциялық жобаның сұранысқа ие екенін және бизнес пен реттеуші органдардың, соның ішінде Комиссияның, табысты өзара іс-қимылын нақты дәлелдейді. Еуразиялық «бестік» елдерінің іскерлік қауымдастықтарының интеграциялық үдерістерге тартылуы ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің негізгі элементіне айналып отыр, — деп атап өтті ЕЭК Алқасының төрағасы.
Кәсіпорындардың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту де басым бағыт болып қала береді. Осы мақсатта Комиссия 2025 жылы Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері, Моңғолия елдерімен сауда келісімдеріне қол қойды. Иранмен еркін сауда аймағы туралы толық форматтағы келісім күшіне енді, Үндістанмен келіссөздер жанданды. Туниспен еркін сауда туралы келісім жасасудың орындылығы мәселесі зерделеніп жатыр.
Бұған дейін Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі ЕАЭО мен Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімін ратификациялағаны хабарланған болатын.