15:00, 11 Тамыз 2015 | GMT +5
ЕАЭО кеден қызметтері арасында өтетін турнирге 10 команда қатысады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 7-11 қыркүйек аралығында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден қызметтері арасындағы Брестте өтетін шағын футболдан IX халықаралық ашық турнирі қатысушылардың рекордтық санын жинайды, деп хабарлады БЕЛТА Брест кеденінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жарысқа Беларусь, Ресей, Армения, Қырғызстан және Латвияның 10 командасы қатысады.Олар екі топқа бөлінген.
Барлық кездесулер Бресттегі «Виктория» спорт сарайында өтеді. Алдымен қатысушылар бір-бірімен ойнап шығады. Кейін әр топтан екі үздік команда турнирдің жартылай финалына жолдама алады. Қалғандары бесіншіден оныншы орынға дейін өзара мықтыларын анықтайды. Кеден қызметтері арасындағы шағын футболдан IX халықаралық ашық турнирі алғаш рет Брестте 2007 жылы ұйымдастырылған. Содан бері оны жыл сайын өткізу жақсы дәстүрге айналған.