Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ЕАЭО мен БАӘ арасындағы экономикалық әріптестік туралы келісім 2026 жылғы 6 қазанда күшіне енеді

АСТАНА. KAZINFORM — Еуразиялық экономикалық комиссия мен Біріккен Араб Әмірліктері Еуразиялық экономикалық одақ пен БАӘ арасындағы экономикалық әріптестік туралы келісімнің күшіне енуіне қажетті ішкі рәсімдердің аяқталғанын растайтын ресми хабарламалар алмасты. Келісімге 2025 жылғы 27 маусымда Минскіде қол қойылған. Бұл туралы ЕАЭО-ның ресми сайты хабарлады.

ЕАЭО мен БАӘ арасындағы экономикалық әріптестік туралы келісім 2026 жылғы 6 қазанда күшіне енеді
Коллаж: Kazinform

Еуразиялық экономикалық комиссия Сауда министрі Андрей Слепневтің айтуынша, келісімге сәйкес, қажетті рәсімдердің аяқталғанын растайтын ноталар алмасқаннан кейін құжаттың күшіне енуіне 60 күн беріледі. Осылайша, келісім 2026 жылғы 6 қазанда күшіне енеді.

Қазіргі таңда Біріккен Араб Әмірліктері — ЕАЭО-ның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Еуразиялық «бестік» елдері мен БАӘ арасындағы тауар айналымы тұрақты түрде өсіп келеді. 2025 жылы бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 12% артқан.

Келісім аясында жаңа сауда режимі қалыптасады. БАӘ ЕАЭО елдерінің экспортына тауар номенклатурасының 86%-ы немесе экспорт көлемінің 98%-ы бойынша жеңілдікті нарықтық қолжетімділік ұсынды.

Бұл жеңілдіктер ЕАЭО елдерінің экспорттаушыларына кедендік баждарды төлеу кезінде жыл сайын кемінде 266 млн доллар үнемдеуге мүмкіндік береді.

— Келісім күшіне енгеннен кейін елдеріміз арасындағы жылдық тауар айналымы кемінде 5-6 млрд долларға артады деп күтіп отырмыз, — деді Андрей Слепнев.

Жеңілдікті қолжетімділік ЕАЭО елдерінің негізгі ауыл шаруашылығы өнімдеріне, оның ішінде астыққа (бидай, арпа, жүгері), етке (ірі қара, қой еті, субөнімдер), құс етіне, жұмыртқаға, кептірілген көкөністерге (ноқат, бұршақ, жасымық, үрме бұршақ), өсімдік майына, сүт өнімдеріне, кондитерлік өнімдерге, минералды суға, тосап пен шоколадқа беріледі.

Өнеркәсіп саласында металлургия өнімдерінің кең түріне, мұнай өнімдеріне (жеңіл және басқа да дистилляттарды қоса алғанда), орман өнеркәсібі өнімдеріне, целлюлозаға, баспа өнімдеріне, химия өнеркәсібі тауарларына, сондай-ақ турбиналардан бастап жекелеген сорғы түрлеріне дейінгі механикалық жабдықтардың кең ауқымына жеңілдіктер қарастырылған.

Өз кезегінде Біріккен Араб Әмірліктері тұтыну тауарларының кең номенклатурасы бойынша жеткізілім көлемін арттыра алады. Сондай-ақ ЕАЭО елдері импорттауға мүдделі бірқатар маңызды тауарларды жеткізу мүмкіндігіне ие болады.

— Сондай-ақ келісімде бекітілген реттеуші нормалар бизнес арасындағы өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтереді деп күтеміз. Сауданы реттеудің нақты әрі ашық ережелерін бекіту бизнестің өзара саудаға деген қызығушылығын арттырады, — деді Андрей Слепнев.

Келісімде әлемдік сауда саясатындағы қазіргі сын-қатерлерге жауап беретін заманауи реттеуші ережелер де қамтылған. Атап айтқанда, электронды сауда, экономикалық ынтымақтастық және шағын әрі орта бизнесті халықаралық саудаға тарту мәселелері қарастырылған.

Андрей Слепневтің айтуынша, Солтүстік–Оңтүстік экономикалық дәлізі БАӘ арқылы өтеді. Бұл ЕАЭО экспорттаушылары үшін Парсы шығанағы мен Үнді мұхиты жағалауындағы басқа елдердің нарықтарына шығуға қосымша мүмкіндік береді. Сонымен қатар Оңтүстік Азия елдерімен сауданы дамытуға да әлеует қалыптасады.

Еске салайық, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Шолпан-Атада Еуразиялық үкіметаралық кеңестің шағын құрамдағы отырысына қатысқанын хабарлаған едік.