ЕАЭО мен БАӘ еркін сауда келісімі бойынша келіссөздерді аяқтады
АСТАНА. KAZINFORM - Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Сауда министрі Андрей Слепнев пен Біріккен Араб Әмірліктерінің Сыртқы сауда жөніндегі мемлекеттік министрі Тани бен Ахмед әл Зейуди экономикалық әріптестік туралы келісім жасау бойынша келіссөздердің аяқталғанын хабарлады. Бұл туралы ЕЭК сайты хабарлайды.

Хабарламада сондай-ақ экономикалық әріптестік туралы келісім күшіне енгеннен кейін жеңілдік режимі өзара сауданың 90 пайыздан астамын және өнім ассортиментінің 85 пайыздан астамын қамтитыны айтылған.
Андрей Слепнев Еуразиялық экономикалық одақ достас елдермен экономикалық әріптестік желісін белсенді түрде қалыптастырып жатқанын атап өтті.
- БАӘ-мен келісім елдің аймақтағы жаһандық хаб ретіндегі рөлін ескере отырып, маңызды кезең саналады. Келісім бұрын-соңды болмаған өсім көрсетіп отырған мемлекеттеріміз арасындағы саудаға қосымша серпін береді, сондай-ақ кооперативтік байланыстарды дамыту үшін жүйелі негіз жасайды, - деп атап өтті ЕЭК Сауда министрі.
Өз кезегінде Тани бен Ахмед әл Зейуди БАӘ мен ЕАЭО ұзақ мерзімді өсу мен экономиканы әртараптандыруға ортақ міндеттемеге негізделген жемісті қарым-қатынастарды дамытып жатқанын ерекше атап өтті.
- Экономикалық әріптестік туралы келісім бойынша келіссөздердің аяқталуы біздің өзара іс-қимылымызды тереңдетеді және көптеген синергетикалық байланыстарды дамытуға мүмкіндік береді, - деді БАӘ Сыртқы сауда жөніндегі мемлекеттік министрі.
БАӘ-мен келіссөздерді бастау туралы шешімді Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес 2022 жылдың желтоқсанында қабылдады. Келіссөздердің төрт кезеңі 2023 және 2024 жылдары өтті.
Осыған дейін ЕАЭО шеңберінде ортақ нарықтар құруға ықпал ететін бірқатар құжат қабылданғаны туралы жаздық.