ЕАЭО мен Иран арасындағы еркін сауда туралы келісім күшіне енді
АСТАНА.KAZINFORM - ЕАЭО елдерінен Иранға әкелінетін тауарларға салынатын кедендік баж салығы 20 пайыздан 4,5 пайызға төмендейді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

2025 жылдың 15 мамырында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері мен Иран арасындағы толыққанды еркін сауда туралы келісім күшіне енді. Бұл туралы бейсенбі күні жарияланған ЕАЭО мәлімдемесінде айтылған.
Құжат кедендік баж салығын айтарлықтай төмендетуді қарастырып, экспортқа жаңа мүмкіндіктер ашады.
Жаңа келісім 2019 жылдан бері қолданыста болған және өнімді қамтуы шектеулі уақытша келісімді ауыстырады. Ол ЕАЭО елдерінің өндірушілеріне Иран нарығына кеңірек шығуды және қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Толық көлемді құжатқа 2023 жылдың желтоқсанында қол қойылды және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер – Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Арменияда, сондай-ақ Иранда 2025 жылдың басында ратификацияланды.
Енді ЕАЭО-дан Иранға әкелінетін тауарларға кедендік баж салығының орташа мөлшерлемесі 20%-дан 4,5%-ға дейін төмендейді.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, толық келісім шарттарын тиімдірек жүзеге асыру үшін тараптар арасында келіссөздер мен жұмыс кездесулері әлі де жалғасып жатыр.
Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда министрі Андрей Слепневтің айтуынша, Біріккен комитеттің бірінші отырысына дайындық қазірдің өзінде жүріп жатыр.
- Ауқымды келісімді жүзеге асыру аясында тараптар 2025 жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланған Бірлескен комитеттің бірінші отырысын ұйымдастыруға кірісті, - деді Слепнев.
Отырыстың күн тәртібінде ЕАЭО мен Иран Ислам Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін талқылау бар.
Келісім өнім ассортиментінің 90%-ын қамтиды және тараптардың преференциялық режимді қамтамасыз ету бойынша өзара міндеттемелерін белгілейді. Уақытша келісіммен салыстырғанда, жаңа құжатта саудадағы кедергілерді жоюға бағытталған реттеуші бөлім қарастырылған.
Сарапшылардың пікірінше, келісімді жүзеге асыру ЕАЭО мен Иран арасындағы тауар айналымын орта мерзімді перспективада 12 миллиард долларға дейін арттыруы мүмкін.
«Интерфакс» агенттігіне сілтеме жасаған ресейлік шенеуніктердің атап өтуінше, Иран алғаш рет өзінің ішкі нарығын үшінші елдердің тауарлары үшін ашты, бұған дейін өндірістік қуатын дамыту саясатының бір бөлігі ретінде оны қорғады.
Келісім «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі бойынша транзиттік жүк тасымалының өсуіне ықпал етуі тиіс.
Иран үшін бұл мәміле осы нарықтарға кеңейтілген қолжетімділік мүмкіндіктерін ашады, бұл әсіресе экономикалық қиындықтар мен санкциялар жағдайында маңызды, деп жазады Tehran Times.
- Иран бизнесі әсіресе ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп тауарлары және энергетика сияқты салаларда экспорттық шығындардың төмендеуінен пайда көруі тиіс, - деп хабарлайды басылым.
Еуразиялық экономикалық комиссияның мәліметінше, келісім өзара тауар айналымын келешекте 12 миллиард долларға дейін арттыруға мүмкіндік береді, бұл қазіргі деңгейді екі есе арттырады. ЕАЭО елдерінің жеткізушілері үшін баж салығын жыл сайын үнемдеу 380 миллион долларды құрауы мүмкін.
Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) – мүше мемлекеттер арасындағы интеграция мен экономикалық ынтымақтастықты тереңдету мақсатында құрылған халықаралық экономикалық бірлестік. Одақ тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысын, сондай-ақ экономикалық саясатты үйлестіруді қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, ЕАЭО елдері фермерлерді қаржылай қолдау тетігін іске қосады.