ЕАЭО-ның бірқатар кәсіпорнына қатысты күшейтілген зертханалық бақылау енгізілді - АШМ

АСТАНА. KAZINFORM – Мал шаруашылығы өнімдері бойынша  жыл басынан бері 600 мың тоннаға жуық өнім тексерілді. Бұл туралы елордада «Азық-түлік қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздіктің негізгі құрамдас бөлігі» тақырыбында өтіп жатқан парламенттік тыңдауда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті.

тауар
Фото: Pixabay

- Мал шаруашылығы өнімдерін әкелуді бақылауды қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері өткізу пункттерінде 600 мың тоннаға жуық өнім тексерілді. Ветеринариялық-санитариялық талаптарды бұзудың 643 жағдайы анықталды, 26,4 млн теңге сомасына айыппұл салынды. ЕАЭО-ның 13 кәсіпорнына қатысты күшейтілген зертханалық бақылау түрінде ветеринариялық санитариялық шаралар қабылданды, Ресей Федерациясының бірнеше кәсіпорнынан өнім әкелу уақытша шектелді, - деді А.Сапаров.

Оның айтуынша, Ұлттық референттік орталық және Республикалық ветеринариялық зертхана мал шаруашылығы өнімдері мен азыққа 732 мыңнан астам зерттеу жүргізді. Олардың ішінде 5 мың зерттеуде сәйкессіздік анықталды. Сондықтан өнімдер жойылды.

- Республикалық ветеринариялық зертханалардың заманауи зертханалық жабдығының 9-ын сатып алуға Үкімет резервінен 3,8 млрд теңге бөлінді, жыл соңына дейін жеткізіліп, іске қосылады, - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, парламенттік тыңдау барысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан астық өткізетін дәстүрлі нарықтарды сақтап қалуы тиіс екенін атап өтті. 

Соңғы жаңалықтар