19:41, 10 Наурыз 2017 | GMT +5
ЕАЭО-ның Кеден кодексі аясында шекарада тауар тексеру мерзімдері қысқартылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің кедендік кодексіндегі жаңашылдықтар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ең бірінші жаңашылдық электронды кедендік декларация рәсімдеуге басымдық берілгені, яғни кедендік декларация тек электрондық негізде толтырылады. Қағаз арқылы рәсімдеу тек электрэнергиясы болмағанда, форс-мажор жағдайларда ғана болады», - деп атап өтті комитетке қарасты кедендік бақылау басқармасы басшысының орынбасары Арман Жалитов.
Сонымен қатар тауар өткізу жылдамдығы да 1 жұмыс күнінен 4 жұмыс сағатына дейін қысқартылды.
«Транзиттік әлеуетті жақсарту мақсатында тауарды жіберу мерзімі 10 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін азайды», - деп толықтырды Арман Жалитов.
Айта кетейік, аталмыш кодекске 2016 жылы 26 желтоқсанда ЕАЭО мемлекет басшылары қол қойған болатын.