ЕАЭО санитарлық талаптарды бұзғандарға қатысты шектеу енгізу процесін жеңілдетпек

Отырыс барысында Қазақстан мен Ресей ветеринариялық қызметтері арасында техникалық регламент пен ветеринарлық-санитарлық талаптарды бұзу оқиғалары бағытында ақпараттық алмасудың тетіктерін жасақтау жайы талқыланды.
Ресейдің федералдық ветериналдық агенттігі төрағасының орынбасары Николай Власов осы тұрғыда Қазақстанға Ресейдің «Сирано» бірыңғай ақпараттық жүйесін бірлесіп, қолдануды ұсынды. Аталмыш жүйені пайдалану барысында екі елдің құзырлы органдары орын алған бұзушылықтарды сол мезетте біліп отыруға мүмкіндік алады. «Сирано» жүйесі анықталған бұзушылықтарды тіркеген құжаттарды да ұсынып, оған қатысты қолданылған шаралар туралы есеп ұсынады.
Сонымен қатар отырыста ЕАЭО мүше мемлекеттерде орналасқан кәсіпорындарда санитарлық талаптарды бұзу оқиғаларына қатысты шектеу енгізу процесін жеңілдету жайы да қаралды. Қатысушылар Кедендік одақтың заңнамасына сәйкес, ЕАЭО мүше мемлекеттері арасындағы экспорттық-импорттық операциялар барысында бұзушылықтарға жол беретін өнеркәсіптерге бірыңғай ортақ тетіктер қолдану қажеттігін растады.