ЕАЭО - тек экономикалық бірлестік

Алайда, қазіргі әлемдегі қалыптасқан күрделі геосаяси және экономикалық ахуал одақтың барлық жоспарының жүзеге асырылуын кешеуілдетуде. Бұл туралы ҚР Президенті Н.Назарбаев:«Интеграциялық бірлестіктің әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік бермей отырған әлемдік нарықтағы қолайсыз конъюнктура мен өзге де сыртқы жағдайларға қарамастан, Еуразиялық экономикалық одақтың болашағы жарқын»,- деген пікірде.
Қазіргі қалыптасып отырған әлемдегі күрделі экономикалық ахуал көп салалы сауда-саттықтың күрт төмендеуіне әкеліп отыр. Дегенмен, осы одақты құрудың басында тұрған, бастаушысының бірі болған Қазақстан бұл бағыттың дұрыстығына сенімді және әрі қарай да қолдай беретін болады. Бұл ретте мемлекетаралық кооперацияны жолға қойып, экспортты ұлғайту үшін Қазақстан бизнесінің алдынан зор мүмкіндіктер ашылып отыр. Осындай ауқымды нарықтық кеңістікте отандық өндірушілердің мүддесін қорғап, қолдау, олардың тауарлары мен қызметтерін бәсекеге қабілетті ету үшін Экономикалық одаққа мүше елдермен бірге тиісті шараларды әзірлеуге айрықша назар аударылып отыр. Бұл бағытта Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық дамуына және жалпы ЕАЭО-ның қызметіне теріс ықпалдар әсерін мейлінше азайту шараларын қабылдаудың өзектілігі артуда.
ЕАЭО - тек экономикалық бірлестік, ол экономика және сыртқы сауда аясында дамуға тиіс. Қазақстанның нақты ұстанымы осы. Мұны Қазақстанның ЕАЭО аясындағы экономикалық қарым-қатынастары мен алдағы уақытқа арналған жоспарлары дәлелдеп отыр. ЕАЭО-тың перспективалары мен одақтың экономикалық мәні туралы елімізге мемлекеттік сапармен келген РФ Президенті Владимир Путинмен кеңейтілген құрамдағы кездесу барысында талқыланған болатын. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев одақтас елдермен байланыс мәселесін тілге тиек етіп, ЕАЭО жаңа мүмкіндіктеріне де тоқталды. «Ресей біз үшін стратегиялық серіктес әрі одақтас болып табылады. Біз бірлесе Еуразиялық экономикалық одақта өзара іс-қимыл жасаудамыз, екіжақты контексте біздің елдер экономикалық, ғылыми, гуманитарлық салаларда жобаларды табысты жүзеге асыруда. Сондықтан да біз бүгінгі кездесуге айрықша маңыз беріп отырмыз. Кездесу елдердің ынтымақтастығы үшін тың серпін береді деген сенімдемін», - деді баса айтты Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, президент ЕАЭО ұйымға барлық мүшелердің тең құқықтық жағдайында жұмыс істейтінін, мүше елдердің шенеуніктері ЕАЭО құрамындағы барлық елдердің мүддесіне және жалпы экономикалық ұстанымдарға жұмыс істеуі керектігін жеткізді.
Одақтың геостратегиялық жағынан да айрықша маңызы зор. Әрбір елдің экономикалық мүмкіндіктері, интеграциялық байланыстары, барыс-келісі көбейіп, алыс-берісі қарқынды даму үстінде. Бұл Еуразиялық одақ елдерінің экономикалары арасындағы байланысты қамтамасыз етуіне мол мүмкіндік береді. Мәселен, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше, 2015 жылғы қаңтар-тамыздағы Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара саудасы - 10 млрд. 988,9 млн. АҚШ долларын құрады. Соның ішінде экспорт - 3 млрд. 504,5 млн. АҚШ долларын, импорт - 7 млрд. 484,4 млн. долларды құраған.
Еуразиялық Одақ шеңберінде Қазақстанның экономикалық серіктестерінің қатары да артуда. Биылдың өзінде ЕАЭО-қа тағы екі мемлекет - Армения мен Қырғызстан қосылды. Сонымен бірге ЕАЭО пен Вьетнаммен бірге еркін сауда аймағын құру бойынша келісімшарт жасалды. "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ басқарма төрағасы Мақсат Мұқановтың пікірінше, «Ықпалдастық бірлестікке көптеген елдер қызығушылық танытты. Жеке елдермен ғана емес, ірі бірлестіктермен де әріптестіктің түрлі жолдары қаралып жатыр. Бұл ЕАЭО және ТМД аясында ықпалдастықтың жоғары әлеуетін көрсетеді".
ЕАЭО қазіргі аяқ алысына қарап Елбасының түпкі идеясының жүзеге асырылып келе жатқанын аңғару қиын емес. «Бүгінде, достастықтың барлық елдері әлемдік дағдарысқа қарсы тұрудың жолдарын іздестіріп жатқанда, экономикалық проблемаларды жеке-дара жүріп еңсеруге болмайтынына көз жеткен кезде, тағдыр еуразиялық интеграция тұжырымдамасының көкейкестілігін тағы бір рет тиянақтап отыр», - деп жазған еді «Еуразиялық экономикалық одақ: теория әлде нақтылық» атты мақаласында. Яғни, қазіргі дағдарыс жағдайында Қазақстанның көпші елдермен бірлесе отырып, экономикалық дамудың жолына түсуі уақыт талабынан туған қажеттілік екені дәлелденіп отыр.