Еден жуушы жалақысынан салық төлейді, таксист неге төлемеуі керек – Сапарбай Жобаев
1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялау тәртібі қолданысқа енгізілді. Сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономиканы төмендетуді көздейтін жүйе төртінші кезеңге аяқ басты. Осы орайда, мобильді аударымдарға қатысты сан түрлі сауал туындады. Осы сауалдарды сарапшы маман, экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаевқа қойдық.
- Сапарбай мырза, жасыратыны жоқ, такси қызметіне жүгінгенде, тауарды тапсырыспен алдырғанда мобильді аударымдар арқылы есеп айырысу кең тараған. Бұл көлеңкелі экономикаға алып баратын әрекет пе?
- Кәсіпкер ретінде тіркелсе де, тіркелмесе де көрсетілген қызметтің, сатып алынған заттың ақысын мобильді аударым арқылы жіберу дұрыс емес. Бұл – салық мәдениеті қалыптаспағанының көрінісі. Өйткені, кәсіпкер өзінің тапқан табысына есеп беруі керек. Ал, аударым арқылы жасалған операция есепке кірмейді. Айталық, онлайн бизнесте «Kaspi Pay» қызметін дүкенде немесе такси қызметінде істейтіндер «Kaspi QR»-ды қолдануына болады.
Мобильді аударым – туыстардың, достардың арасында ақша жіберу үшін шыққан жүйе. Оны қызмет ақысын төлеуге қолдануға болмайды. Жасыратыны жоқ, онлайн дүкендерден әлеуметтік желі арқылы зат сатып алғанда жеке кәсіпкерлер осы әдіс арқылы төлем қабылдап жүр. Әрине, ірі кәсіп иелері, ірі компаниялар мұндай қадамға бара қоймайды. Олар карта арқылы онлайн төлем жүйесін қолданады. Олардың барлығы есепке кіреді. Сондықтан да біздің Салық комитеті 1 айда 100 аударымнан асса, тексеру керек деген шешімге келіп отыр. Бұл шешім экономикалық жағынан негізсіз емес.
- Азын-аулақ нәпақа тауып жүргендер жаңа бастаманы қолдай қоймады. Аз ғана табысымыздан салық төлемей-ақ қойсақ болмай ма деп жатқандар бар. Бұған не дейсіз?
- Кез келген табыс тапқан адам мемлекетке салық төлейді. Бұл заңда да қарастырылған. Бізде салық мәдениеті қалыптаспағандықтан, осындай ойлар пайда болады. Мысалы, еден жуушы болып жұмыс істейтін адам да өз жалақысынан кіріс салығын төлейді. Онда неге такси жүргізушісі, онлайн дүкені бар кәсіпкер, үйінде алып-сатарлықпен айналысатын саудагер өз табысын жасырып қалуы керек?.. Табысын жасыру, ортақ қамбаға белгілі бір мөлшерін салмау әділетсіздік болады. Ауылда мал шаруашылығымен айналысатын малшы да, қалада құрылыста жұмыс істейтін құрылысшы да, кез келген адам табысы мен дүние-мүлкін, пайдасын жасырмауы керек. Барлығы салық төлеуі керек. Әділет әр адамның өзінен басталады. Менен журналистер «Экономикалық өсім болу үшін не істеу керек?» деп сұрағанда, осы декларациялауды қолға алу керек деп айтатынмын. Енді міне қолға алынды. Өз басым бұл бастаманы қуана қабылдадым.
- Декларациялау экономикалық өсімге апарады дей аламыз ба?
- Декларациялау – дамыған елдерде бар әлемдік тәжірибе. Өркениетті елдер 50-100 жылдан бері декларацияны жүргізіп келеді. Себебі, көлеңкелі экономика – экономикалық өсім мен дамудың басты жауы. Мәселен, жалпы ішкі өнім біздің елде 250 миллиард доллар болса, соның 20%-ы көлеңкелі экономикаға тиесілі, яғни 50 миллиард доллар табыс тапқандар салық төлемей отыр. Мәселен, құрылыста жұмыс істейтіндер, тасымал саласындағы кәсіпкерлер, оның ішінде такси жүргізушілері, тамақ, азық-түлік, киімді жеткізу қызметі, онлайн сауда бар. Бәрі өздерінің табысын жасырып қалып отыр. Бұл – дұрыс емес. Декларация осы мәселелерге нүкте қойып, салық мәдениетін қалыптастырады.
Екінші жағынан, декларация сыбайлас жемқорлықтың алдын алады. Өйткені ол – кімнің қандай байлығы бар екенін анықтаудың ұтымды жолы. Үкімет мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, квази мемлекеттік ұйымдардың басшылары өз дүниесінің есебін тапсырды. Оларда қандай жиналған дүние бар, бәрін көрсетті. Енді жаңадан мүлік пен ақша пайда болса, «Бұл қайдан шықты?» деген заңды сұрақ туындайды. Осылайша сыбайлас жемқорлық фактісімен дүние тапса, оны заңдастыра алмайды. Бұл сыбайлас жемқорлық деген қоғам дертін азайтуға ықпал етеді. Өз басым экономист ретінде декларациялауды қолдаймын. Президент 2010 жылы осы декларациялауды енгізгісі келді. Бірақ ол кезде жүйе толық бұған дайын болмады ғой деп ойлаймын. Бұл – біздің экономикалық тазалықтың өсіп жатқанының көрінісі.
Тағы бір жағынан салық түсімдерінің көп болуы біздегі әлеуметтік проблемаларды шешуге өзінің жақсы ықпалын тигізеді. Әлеуметтік проблемалар көп. Көпбалалы отбасылар бар, олардың баспана, азық-түлік, бірінші қажеттіліктері шешілмеген. Белшеден несие қамытын киіп, оңала алмай жатыр. Оларды мәселесімен бетпе-бет жалғыз қалдыруға болмайды. Қазір елімізде Отбасылық кодекс қабылданды. Кімдерге қандай жәрдем керек екені осы кодексте анық көрсетілген. Салық осындай адамдардың қажеттіліктерін шешуге бағытталуы керек. Дамыған қоғамда табысты кәсіпкерлер кәсібін дөңгелетіп, табыс табу арқылы әлеуметтік осал топтарға көмектеседі. Қоғамды гуманизм теориясы алға сүйрейді. Бірақ бір ескере кететін жайт, ашықтық болуы керек. Мәселен, бір кәсіпкердің төлеген мұншама салығы мына отбасыға жұмсалғаны көрініп тұратын жүйе керек. Сол кезде кәсіпкер де өзін қоғамның бір бөлшегі ретінде оның алға жылжуына үлес қосып жатқанын сезінеді. Құлшыныспен салық төлейтін болады. Бізде салық мәдениеті қалыптаспай жатыр. Осы жүйе салық мәдениетін қалыптастырады ғой деп ойлаймын. Әділетті қоғам құрамыз десек, декларация соған жәрдемдеседі. Осы декларациядан басталған салықтық мәдениетті көтеру бағытындағы қадамдар прогрессивті салық деп аталатын жаңа деңгейдегі жаңашылдықты қабылдауға да әсер етеді деп ойлаймын. Прогрессивті салық енсе, байлар көбірек салық төлейтін болады. Әрине оған зор байлыққа ие кәсіпкерлер қарсы болуы мүмкін. Бірақ соған жайлап келе жатырмыз. Алғашқы нышандары бар. Бұл – менің экономист ретіндегі асқақ арманым. Салық мәдениеті көтерілген сайын салық жүйесі оңтайлана береді. Оңтайланған сайын жүйе өз функциясын жақсы атқарады.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Бақытжан Отарбаева