Еділ Жаңбыршин ҚҚС көтеру туралы: Көп бизнес жабылып, көлеңкеге кетуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин елімізде қосылған құн салығы шегін көтеруге қатысты шешімді жан-жақты талқылап барып қабылдау керектігін айтты.

- Бизнес өкілдерімен, ассоциациялармен ақылдасу керек, артық қыламыз деп тыртық қылып алмауымыз керек. Жан-жақты талдап алып, шешім қабылдау қажет. Бір жағынан бизнесті өлтіріп алмауымыз керек, екінші жағынан бизнестің ашық жұмыс істеуін қамтамасыз етуіміз қажет, - деді Еділ Жаңбыршин Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Депутаттың айтуынша, бюджеттің де толуын ұмытпаған жөн.
- Осы мәселелер бойынша бір консенсусқа келуіміз керек, ертең көп бизнес жабылып немесе көлеңкелі бизнеске кетіп қалуы мүмкін. Кейбір бизнес өкілдері өз кәсібін бөлшектеуі де мүмкін, - деп толықтырды халық қалаулысы.
Сондай-ақ, БАҚ өкілдері Еділ Жаңбыршиннен «Қосылған құн салығы шегін 20%-ға көтеру бастамасын қолдайсыз ба?» деп сұрады.
- Қиын мәселе. Менде бизнеспен жұмыс істедім, 12-ден бірден 20-ға көтеру бизнеске қиындау болуы мүмкін, - дейді ол.
Кеше ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Серік Жұманғарин Үкіметтің кеңейтілген отырысында неліктен қосылған құн салығы шегін көтеру қажеттігін түсіндірді.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) айналасындағы дау-дамайға қатысты пікір білдірген еді.