ЕЭК аясында теңсіздікке орын берілмейді - Елбасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық Экономикалық кеңістік аясында ешқандай теңсіздіктерге, кемсітушіліктерге жол берілмейтіндігін мәлімдеді.
None
None

«Еуразиялық экономикалық кеңістік аясында тілдік теңсіздіктер орын алмауы үшін басты қағидалар мен ережелер немесе қандай да бір шешімдер орыс тілінде әзірленіп, тараптар арасындағы тең құқылықтың сақталуы үшін өзге тілдерге аударылғаны дұрыс деп ойлаймын. Сонымен қатар, бұл оңтайлы шешім болмақ. Яғни, орыс тілі - мүше мемлекеттердің ортақ ұғынысу тілі ретінде танылғаны бәрімізге тиімді - деген Мемлекет басшысы - Еуразиялық экономикалық кеңістік аясындағы елдердің тең құқылығы толық сақталады. Тіпті, тәуелсіздікке төнер ешқандай да қауіп-қатер жоқ. Территориялық тұтастығымен азаматтардың теңқұқықтылығын сақтауда арнайы қабылданған консенсус негізінде қамтамасыз етіледі. ЕЭК кадрлық саясаты да осы негізде тағайындалатын болады. Қандай да бір тарап өз қарсылығын еркін білдіруге және өзге мүше-мемлекеттер мұндай көзқарастарға құрметпен және түсіністікпен қарауға міндетті, - деп сөзін түйді.

Сонымен қатар, ҚР Президенті Еуразиялық Экономикалық одаққа мүше болудың арқасында үш ел халқының жағдайы бүгінгіден әлдеқайда жақсаратынына сенімді екенін мәлімдеді.

«Бүгінгі күнге дейін барлық елдердегі тиісті министрліктер мен агенттіктер, әр саланың жауапты мамандары жоғары түрлі деңгейлі келіссөздер жүргізу арқылы өзара оңтайлы шешімдер қабылдады. Нәтижесінде, сауда-экономикалық қарым-қатынасты жан-жақты жандандыра түсетін Еуразиялық экономикалық кеңесті құрып отырмыз. Экономикалық бағыттағы үш мемлекеттің өзара ынтымақтастығын тереңдетуі қоғам азаматтарының әл-ауқатын жақсарта түсуге жұмыс істейтіндігіне сенімдімін», - деді Мемлекет басшысы.

Осылайша ойын білдірген Нұрсұлтан Әбішұлы Еуразиялық Экономикалық кеңістіктің жаһандық дамудағы жаңаша интеграция болатынын жеткізді.

«Еуразиялық экономикалық кеңістікті құру барысында біздер бүгінге дейін түрлі деңгейлі бірнеше кездесу өткіздік. Оның ішінде қатысушы мүше-мемлекеттердің әр саласында қызмет ететін, өз мамандығының жілігін шағып, майын ішкен кіл мықты мамандар қызу жұмыс істеді. Атап айтқанда, жауапты министрліктер мен агенттік және үш елдің кәсіпкерлік саласындағы белсенді мүшелері бар. Соның ішінде, тараптар арасындағы біржақты бұра тартулардың болдырмауы үшін Үкімет басшыларының орынбасарларынан құрылған арнайы комиссия да бүгін бекітілгелі отырған Келісімшарттың сапалы жазылып шығуына орасан зор үлестерін қосты. Ендігі жерде біз құрып отырған Еуразиялық экономикалық кеңістік - жаһандық дамудағы жаңаша интеграция болады деген ойдамын. Себебі, біздің басты мақсатымыз, басымдықты экономикалық бағытта бірлесе дамуға беру арқылы әлемде жаңа интеграция алаңын құру болып табылады», - деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Айта өтейік, бастамасы сонау тоқсаныншы жылдары көтерілген Еуразиялық Экономикалық одақ құру мәселесіне бүгін соңғы нүкте қойылды. Жылдар бойы сарапталған құжат бүгінде пісіп-жетіліп, үш елдің басшылары (Қазақстан, Ресей, Белорусь) одақты құру туралы келісімге қол қойды

Соңғы жаңалықтар