ЕЭК кеңесі Мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына шешімдер жобаларын әзірледі

Бұл туралы бүгін Мәскеуде өткен ЕЭК кеңесінің отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бақытжан Сағынтаев хабарлады.
«ЕЭК-тің 2013 жылғы кеңесі шеңберінде біз Кедендік одақ және Еуразиялық экономикалық кеңістік әлеуетін дамыту туралы 80-нен астам мәселені қарастырдық. ЕЭК алқасының құзіреті шеңберінде 300-ден астам мәселе қаралып, олар бойынша бүгінгі күні іске асырылып жатқан шешімдер қабылданды», - деп хабарлады Б.Сағынтаев.
Бірінші вице-премьер бүгінгі күні ең өзекті мәселелер қатарында КО және ЕЭК шарттық-құқықтық базасын кодтандыру перспективасы, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартты әзірлеу жұмыстары бар, деп атап өтті.
Б.Сағынтаев биылғы жылы Кедендік одақты дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілгенін атап айтты. «Біз Қырғызстан және Арменияның қосылуы бойынша «жол картасын» әзірлеу жұмыстарын аяқтап қалдық. ЕЭК кеңесі деңгейінде аталған құжаттарға қол қойылды. Ертең Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте бұл мәселелер үш тараптың Мемлекет басшылары деңгейінде қарастырылатын болады», - деп хабарлады бірінші вице-премьер.
ЕЭК кеңесінің отырысы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың жетекшілігімен өтуде.