ЕЭО-дағы қауымдасу құрылысқа серпін береді
Көптеген қазақстандық дайын өнімдер үшін Кеден одағы негізгі тұтынуы нарығы болып табылады. Отандық өнім өндірушілер атап айтқандай, кедендік рәсімдеудің, техникалық реттеудің және сертификаттарды сәйкестендірудің болмауынан олар экспорттың көлемін өсіруде. Сонымен қатар, өндірісті үздіксіз жетілдіріп, өздерінің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыра түсуде. Жалпы алғанда, отандық құрылыс индустриясындағы жетістіктеріміз жаман емес. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылғалы құрылыс саласындағы өндіріс көлемі екі есеге дейін артты. Мысалға, бұл көрсеткіш 2009 жылы 175,2 млрд теңге болса, 2013 жылдың 11 айында 363,6 млрд теңгеге өсті. Сонымен қатар, индустрияландыпу картасы бойынша 120-дан астам жоба пайдалануға берілді. Аталған салаға 1 млрд доллар инвестиция тартылды. Айта кетелік, үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылғалы цементті, ғимараттардың төбесін жабатын және жылуды оқшаулайтын материалдарды, пластмассадан жасалған құбырларды, гипс картонын, құрғақ құрылыс қоспаларын өзімізде өндіру көлемі артты. Қазіргі кезде ішкі нарығымыз бетонмен және бетон бұйымдарымен 100 пайызға қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, гипс картоны мен цементке деген сұранысты қазақстандық мазмұн толық қамтамасыз ететін деңгейге жеттік. Ішкі нарықта Қазақстанда шығарылған құрылыс материалдарының үлесі 2013 жылы 71 пайызға жетті. Қазіргі кезде отандық құрылыста қолданылатын гипс картонының және құрғақ құрылыс қоспаларының 88 пайызы, кірпіштің 68,8 пайызы, лак-бояу материалдарының 60 пайызы өз елімізде өндіріледі. Өткен жылы терезе мен есіктерге арналған пішіндер өндіру бағытында екі жоба іске асырылды. Оның бірі - Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Триумф М.М.С» зауыты, екіншісі - Астана қаласындағы «Функе Кунсштоффе» ЖШС-і. Мысалы, немістің «Функе» компаниясы Астанада ашылған осы зауытқа 24 млн еуро инвестиция салды. Кәсіпорынның қуаты - жылына 1 млн шаршы-метр өнім шығару. Атап айтарлығы, осы зауыттардың іске қосылуының нәтижесінде отандық өнімнің бұл түріндегі мұқтаждығы толығымен қазақстандық өндіріспен қамтамасыз етілді. Қазақстандық өнеркәсіпті алға сүйреген екі саланың бірі - құрылыс. Құрылыстағы дамудың жоғары қарқынын Кеден одағындағы қазақстандық экспорттың өсуінен де көреміз. Мысалы, «Петропавл құрылыс материалдары зауыты» ЖШС-і төрт жылдан бері өзінің дайын өнімдері - құрылыс материалдары, полиэтиленді құбырлар, қабырға және шатыр панельдері, ажыратылған құбырларды Ресей Федерациясына экспортқа шығаруда. Атап айтқанда, зауыт Омск, Курган, Новосібір облыстарымен тығыз байланыс орнатқан. 2013 жылы өндіріс көлемі 1559 млн теңгені құраса, соның ішінде 209,3 млн теңгесі экспорттың үлесіне жатады. Өнімдерді сатудың жалпы көлеміндегі экспорттың үлесі 13,4 пайыз. Тіпті, өз өнімдерінің 72 пайызын Ресей Федерациясына экспортқа шығаратын кәсіпорындарымыз да бар. Ол «Өскемендегі арматура зауыты» АҚ-ы. 2010 жылы зауыт өндірістік қуаттарын жетілдіру жобасын іске асырды. Соның нәтижесінде қазақстандық компания Кеден одағы елдеріне ілмекті арматура шығару экспортын 1,4 есеге ұлғайтты. Ал, Еуразиялық экономикалық одақтың аясындағы қауымдасу үш елдің құрылыс индустриясының кәсіпорындарына, білім беру ошақтарына ерекше серпін берері сөзсіз.
Әмірлан Әлімжан