ЕЭО ірі жаһандық жобаға айналады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруге ұмтылыс жасауда. «Бұл мақсатқа біз жалпы еуразиялық геоэкономикалық кеңістіктің егемен лайықты бөлшегі ретінде жете аламыз. Сондықтан, бәріміз алдымызға осындай мақсат қоюмыз қажет»,- деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде сөйлеген сөзінде.
None
None

ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары Ләйлә Мұзапарованың пікірінше, Еуразиялық экономикалық одақтың келешегі зор және ол Еуропалық Одақ пен НАФТА сияқты ірі өңірлік жобаға айнала алады. «ЕЭО-ның ірі жаһандық жобаға айналуға толық мүмкіндіктері бар. Тіпті, алдағы уақытта өзінің дамуы мен интеграцияны тереңдетуі арқылы, сондай-ақ кеңеюі мен өзінің құрамына жаңа елдерді тарта отырып, бұл экономикалық бірлестік әлемдік экономикалық және саяси үдеріске ықпал етуі, тіптен, жаһандық экономикалық үдерістерді өзгертуі әбден мүмкін»,- деп есептейді Л. Мұзапарова. Үш елдің одағы дегеніміз - бұл әлем халқының 4,4 пайызы тұратын жер шарындағы құрлықтың 16,4 пайызы ғана емес. Бұл өңірде жалпы құны 30-дан 40 трлн. долларға дейін бағаланатын әлемде барланған пайдалы қазбалардың базалық түрлерінің 25 пайызы шоғырланған. Сонымен бірге, Жер ғаламшарындағы табиғи газдың 40 пайызы, таскөмірдің 25 пайызы, мұнайдың 20 пайызы, орманды жерлердің 25 пайызы, құнарлы жерлердің 13 пайызы, таза ауыз судың 11 пайызы - Еуразия өңірінің үлесіне тиеді. Еуразиялық «үштіктің» тағы бір артықшылығы - географиялық жағынан Еуропалық Одақ пен Азия-Тынық мұхиты аймағының арасында орналасқаны. Көлік инфрақұрылымын жеделдете дамыта отырып, үш мемлекет Еуропа мен Азияның арасындағы сауда ағындарын ширата алады. Әрі бұл үдерістен өздеріне пайда табады. Мәселен, темір жол саласында Ресей, Қазақстан және Беларусь бірлесе отырып, Біріккен көлік-логистикалық компаниясы жобасын іске қосты. Бұл орайда интеграциялық үдерістердің Қазақстан үшін маңызы өте зор. Себебі, еліміз әлемдегі үш мұхитқа шыға алатын Ресей арқылы теңіздерге өз тауарларын жөнелте алады. Жалпы алғанда, тұтыну нарығының 17 млн-нан 170 млн-ға дейін көбеюі отандық бизнеске даму мен өркендеудің жаңа мүмкіндіктерін туғызатыны сөзсіз. Яғни, ЕЭО-ға жаңа мемлекеттер қосылған сайын, бұл нарық іс жүзінде кеңейе береді. «Бір сөзбен айтар болсақ, ЕЭО Қазақстанға жаһандық ірі нарықтарға шығатын жол ашып, ортақ кедендік аумақ шеңберінде алып ішкі нарық қалыптастырып, өз тауарларының транзиттік жағдайларын жақсарта түседі», - дейді қазақстандық сарапшы. Сонымен бірге, қазіргі кезде экономикалық белсенділіктің жаңа полюсі Еуразия кеңістігінде қалыптасу үстінде. Түптеп келгенде, бұл кеңістік болашақта жаһандық дамудың қозғаушы күші мен қуат берушісіне айналады. «Қазір еуразиялық кеңістіктегі экономикалық интеграцияны ашық сынаған Батысқа қарсылық танытқан үш елдің басшыларының батылдығы мен адуындылығы, салқынқандылығы мен прагматизмі жөнінде көп айтылады. Жалпы, мұндай пікірлер Еуразиялық экономикалық одақтың жаһандық ірі жобаға айналатынының дәлелі бола алады»,- дейді Л. Мұзапарова.

Әмірлан Әлімжан

Соңғы жаңалықтар