ЕЭО Маңғыстаудың көлік инфрақұрылымын дамытуға септігін тигізеді
«Бүгінгі таңда транзиттік жүктің көлемін арттыру мен оны тарту мақсатында біздің аймақ арқылы өтетін бірнеше инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылы «Өзен-Түркменістанмен мемлекеттік шекара» тікелей темір жол қатынасы ашылды. Бұл дәліз Қазақстаннан, одан әрі Парсы шығанағы елдеріне жүк тасымалын қамтамасыз етеді. Ашылған темір жол арқылы жүк тасымалдау құрылымында болжам бойынша бидай, мұнай және мұнай өнімдері тасымалданатынына басымдық беріп отыр. Ал ағымдағы жылдың соңына дейін Ақтау портына шығуға шамамен 600 шақырым дейінгі қашықтықты қысқартатын Орталық және Батыс Қазақстанды тікелей қосатын «Бейнеу-Жезқазған» темір жол желісі ашылады деп жоспарлануда» деді әкім орынбасары.
Аймақтың көліктік инфрақұрылымының даму барысын баяндаған Шолпан Лазарқызы тап осы күндері «Атырау-Ақтау» автокөлік жолына қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті.
«Бұл Каспий теңізі бойынша жүкті тасымалдау үшін, Еуропа мен Үндістан арасындағы жүк қатынасының қомақты үлесін тарту үшін және Ақтау портын жүкті ауыстырып тиеу базасы ретінде пайдалануға зор мүмкіндіктер береді» деді ол.
Әкімнің орынбасары сонымен қатар, аталған одақтың маңғыстаулықтарға алдағы уақытта тигізер пайдасын да сөз етті.
«Маңғыстау облысы - Еуразиялық Одақтың оңтүстік шекарасы болып табылады. Ал, «Солтүстік-Оңтүстік» бағыты бойынша Ресей мен Беларусь еліне, сонымен қатар, Парсы шығанағына жүк тасымалдауда басты орында. Біздің аймақ шекараға шектес облыс болғандықтан, транзиттік, көліктік-логистикалық және инфрақұрылымдық-қызмет көрсетуге қабілетті. Осы тұрғыдан алғанда ЕАЭО - Маңғыстауға экономикалық тұрғыдан зор мүмкіндіктер береді. Айта кету керек, бұл өңірмен Шығыс Еуропамен Орталық Азияны және Солтүстік Еуропаны Парсы шығанағы елдерімен қосатын ТРАСЕКА және «Солтүстік-Оңтүстік» екі халықаралық көлік дәліздері өтеді. Яғни, Еуразия кеңістігіндегі трансқұрлықтық тасымалдау қызметінде облысымыз маңызды рөл атқарады» деп атап өтті ол өз сөзінде.
Шолпан Лазарқызының айтуынша, интеграциялық үдерістер маңғыстаулық кәсіпкерлерге де, қарапайым тұрғындарға да тек оң әсерін тигізетін болады.
«Еуразиялық Экономикалық Одақ - толыққанды одақтық нарықтың және тұйық индустриалды-техникалық топтаманың құрылуына, сондай-ақ жеке тұлғалармен және меншіктің барлық түріндегі кәсіпорындармен экономикалық қызметті жүргізудегі барлық шектеудің жойылуына түрткі бола алады. Өз кезегімде мен интеграцияның мемлекеттік корпорациялар мен кәсіпорындарға берілгендігін қалаймын. Мысалға, «Росатомның» «Қазатомпроммен» интеграциясы әлемдік экономиканың барлық секторын бақылауға мүмкіндік береді. Соған сәйкес осы сарындағы жұмыс аясында қорғаныс, машина жасау, металлургия, химия, мұнай-газ кешендеріндегі жұмыстар да жақсаратын болады» деп сөз қорытты Шолпан Ілмұқанбетова.