ЕЭО-ның мүше-елдерінің саны артады
Олардың пікірінше, экономикалық бірлестік тек мемлекетке ғана емес, қарапайым халыққа көптеген игіліктер әкеледі. Сұрау салынғандардың 13,5 пайызы ЕЭО-ны құру туралы шартқа еліміздің қол қоюына бейтараптылық танытса, 13 пайызы - «бізге бәрібір» деп жауап қайырып, тек 5,5 пайызы қарсы екендіктерін білдірген. DEMOSKOPE қоғамдық пікірді зерттеу-талдау бюросы жүргізген сауалнаманың қорытындылары, міне осындай. Экономикалық одақтың әр адамға және оның отбасына әкелетін іс жүзіндегі пайдасын пайымдай келе, респонденттердің төрттен бірі ЕЭО-ны құру туралы шарт күшіне енгеннен кейін (2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап) біздің елімізде қолжетімді бағамен сатылатын тауарлардың саны көбейетінін айтады. Сонымен бірге, қазақстандықтардың 22 пайызы Ресей мен Беларусьте жұмысқа орналасуға зор мүмкіндіктердің туатынына қуанады. Тіптен, респонденттердің 8 пайызы өздерінің бизнес бастамаларын Қазақстанмен серіктес-елдерде жүзеге асыруғысы келетінін жасырмай айтқан. ЕЭО-ның жағымсыз жағына келгенде сауалнамаға қатысқандардың 11 пайызы біздің республикамыз үшін тиімсіз экономикалық жағдайларға алаңдаушылық білдірген. Респонденттердің 8 пайызы қазақстандық тауар өндірушілер үшін бәсекелестіктің күшейетініне сенімді. Ал, сұрау салынғандардың 17 пайызы іс жүзінде, Қазақстанның Ресеймен және Беларусьпен экономикалық интеграциясы тиімді деп санайды. Олардың айтуынша, алдағы уақытта ЕЭО-ның мүше-елдерінің саны артады. Еуразиялық экономикалық одақтың өзегін құрайтын үш ел - Қазақстан, Ресей және Беларусьтың қатарына бірінші болып қосылғысы келетін мемлекет - Армения. 29 мамырда Астанада өткен Жоғары экономикалық кеңестің отырысында Армения президенті Серж Саргсян армяндардың ЕЭО-ға биылғы жылдың 15 маусымынан бастап кіруге дайын екендерін мәлімдеді. Отырыс барысында Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекет басшылары өзара ақылдасып, Арменияның ЕЭО-ға мүше болу мерзімін 2014 жылдың 15 шілдесіне дейін ұзартты. ЕЭО-ның тағы бір жаңа мүшесі - Қырғызстан ағымдағы жылдың аяғына дейін экономикалық бірлестікке кіреді. Кеден одағына және кейінірек Еуразиялық экономикалық одаққа қосылғысы келетін екі мемлекет бар. Олар - Қырғызстан мен Тәжікстан,- дейді Еуразиялық ықпалдастық институтының директоры Жанаргүл Құсманғалиева.- Мұның өзі ЕЭО-ның келешегі зор ашық жоба екенін көрсетеді. Өйткені, еуразиялық интеграция - одаққа мүше-елдердің ұлттық мүддесіне сай келетін және олардың экономикасын қарқынды дамытуға мүмкіндік туғызатын үдеріс. Отандық сарапшының пікірінше, қазақстандық қоғам интеграциялық үдерістерді ең алдымен, прагматикалық көзқараспен қабылдайды. Бәрінен бұрын, біздің еліміздің ЕЭО-ға мүше болуы экономикалық жағынан өте тиімді. - Атап айтсақ, біз сұрау салған қазақстандықтар интеграцияның төрт негізгі артықшылығын атап көрсетті. Ол - қазақстандық бизнестің серіктес-елдер нарығына шығуы, технологиялық секіріс жасау үшін Ресеймен және Беларусьпен арадағы кооперацияны тереңдету, экономикалық өсім және Қазақстанның жаһандық экономикалық жүйеге кіруіне қолайлы жағдай жасау,- дейді Ж. Құсманғалиева.
Әмірлан Әлімжан