ЕЭО үш қана емес, әлем елдері үшін тиімді - БҚО әкімі
«Ақиқатында да солай. Күні кеше ғана ЕЭО-ға мүше-мемлекеттердің басшылары Тәуелсіздік сарайында бас қосып, болашақта бірлесе дамудың жарқын жобаларын жүзеге асыруды заңдастырды. Бұл қадам - Одақ құрамындағы үш ел үшін ғана емес, өзге де әлем мемлекеттеріне өзінің тиімді болмақ. Себебі, өнім өндіретін кәсіпорындар үшін алып нарық қажет. Орта Азияда біз осындай ауқымды нарық құрып жатырмыз. Мұның басында әрине, біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы тұрғандығын кеше Ресей президенті Владимир Путиннің өзі атап өтті, - деді ол өз сөзінде.
Әкімнің айтуынша, Батыс Қазақстан облысы бүгінде Ресейдің 5 өңірімен меморандумға отырған.
«Батыс Қазақстан облысы географиялық тұрғыдан орналасуы жағынан Ресейдің бес облысымен шекараласады. Өңір кәсіпкерлері осы бес облыстың барлығымен де халық шаруашылығындағы салалар бойынша, ынтымақтастық мемарандумын бекіткен. Ол үшін біз осы кезге дейін бизнес өкілдерінің басын қосып, арнайы делегация жасақтап Ресей облыстарында ресми сапармен болып келген едік. Нәтижесінде, тараптар арасындағы өзара сауда-тауар айналымы жандана түсіп, барыс-келіс пен қызметтер де еркін қозғала бастады. Алдағы жылдан бастап шекаралық аймақтардағы экономикалық байланысымыз жаңа белестерге шығатын болады» деді Н.Ноғаев.
Ал, келер айдың орта тұсында өңірге Ресейден мамандар да келіп, тәжірибе алмаспақ.
«Алдағы айдың оныншы жұлдызына қарай, біз Ресейдің Орынбор облысының іскер топ өкілдері ресми сапармен келеді деп жоспарлап отырмыз. Өйткені, осы кезге дейін БҚО кәсіпкерлері көрші елдің шекараласатын бес облысын түгелдей аралап, өзара қарым-қатынасты жаңа сатыға көтеріп қайтқан болатынбыз. Енді орынборлық серіктестеріміз біздің аймаққа келіп, өндірістік әлеуетімізбен жақынырақ танысуға бейілді. Бұдан біздің ұтатынымыз сол, тауарларымызды шикізат күйінде емес, өңделген дайын өнім ретінде нарыққа шығаратынымыз. Себебі, соңғы жылдары Мемлекет басшысының қолдауымен Қазақстан бизнесті өте белсенді қолдауда. ЕЭО өз қызметіне кіріскеннен кейін де, мемлекет қаржылық қолдау мен әкімшілік кедергілерді жою жұмыстарын жүргізуді тоқтатпайтын болады. Мұндай игі шара ел экономикасының игілігі үшін қажет деп ойлаймын», - деді Нұрлан Асарұлы өз сөзінде.
Сөз соңында облыс әкімі БҚО-дағы шағын және орта бизнес және кәсіпорындар жайында сөз қоғады.
«Облысымызда 250 біріккен кәсіпорын бар. Яғни, бұлар Ресей мен Беларусь елдерінің кәсіпкерлерімен бірлесе отырып, құрылған кәсіпорын, мекемелер. Алайда, қазіргі кезде оның бәрі толыққұрамда табысты жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймын. Өйткені, кешеге дейін сауда-экономикалық қарым-қатынастың өзіндік нәзік иірімі болып табылатын, заңдық келісімшарттар мәселесінің түйіні тарқамаған еді. Ендеге жерде Еуразиялық экономикалық одақ аясында біріккен бұл кәсіпорындардың бағы жанады деп сенемін, - деген Нұрлан Асқарұлы, өңірдің экономикалық байланысы Түркия елімен де тереңдеп келе жатқандығын тілге тиек етті. - Осыдан біршама уақыт бұрын облыс кәсіпкерлері Түркиялық бизнес қауымдастықпен қауышып, олардың кәсіпкерлік саласының құрылымымен жақынырақ танысу мақсатымен барып-қайтқан болатын. ЕЭО аясына көрші мемлекеттердің бірігіп жатқанына түркиялық кәсіпкерлер оң көзқарастарын танытып жатыр. Олардың қуанатыны сол - Қазақстан арқылы өз тауарларын үлкен нарыққа шығаруы болмақ» деп қорытты Нұрлан Ноғаев.