Эфиопиядағы қарулы қақтығыс денсаулық сақтау жүйесіне кедергі келтіріп отыр
АСТАНА. KAZINFORM — Эфиопияның солтүстігінде жалғасып жатқан қарулы қақтығыстар аймақтағы денсаулық сақтау жүйесінің жұмысына қауіп төндіріп отыр. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бас директоры Тедрос Аданом Гебреиесус X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Report.
— Эфиопияның солтүстігіндегі зорлық-зомбылық онсыз да әлсіз денсаулық сақтау жүйесін күйреу шегіне жеткізді. Ауруханаларда медицина қызметкерлері, дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар жетіспейді. Шұғыл медициналық көмек көрсету мүмкіндігі де айтарлықтай шектелген. Қауіпсіздік жағдайының тұрақсыздығынан кейбір аудандарға аса қажетті медициналық заттарды жеткізу мүмкін болмай отыр, — деп жазды ол.
ДДҰ басшысы Амхара және Тыграй аймақтарында бейбіт тұрғындарға шабуыл жасалғаны туралы хабарларға алаңдаушылық білдірді.
Оның айтуынша, Амхара аймағындағы ішкі қоныс аударушыларға арналған Джаари-2 лагеріне жасалған соққы салдарынан балалар, соның ішінде жаңа туған нәресте қаза тапқан. Ал Тыграй аймағындағы Рама қаласында бірнеше адам көз жұмған болуы мүмкін.
Гебреиесус Эфиопияда ұшқышсыз ұшу аппараттарының соққысынан бейбіт тұрғындардың қаза табуы жиілеп кеткенін атап өтті.
Оның мәліметінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы БҰҰ құрылымдарындағы серіктестерімен бірлесіп, зардап шеккен аудандарға қосымша медициналық жүк жеткізу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар ұйым басшысы қарулы қақтығыстар жалғаса берсе, медициналық көмекке мұқтаж адамдардың саны арта түсетінін ескертті. Бұл шұғыл медициналық қызметтерге, ана мен бала денсаулығын қорғауға, сондай-ақ түрлі ауруларды емдеуге қол жеткізуді қиындатуы мүмкін.
Гебреиесус бейбіт тұрғындарды қорғауға, медицина қызметкерлерінің көмекке мұқтаж адамдарға кедергісіз жетуіне және гуманитарлық көмектің жеткізілуіне жағдай жасауға шақырды.
— Ең батыл адамдар бейбітшілікті таңдайды. Ең жақсы ем — бейбітшілік, — деп түйіндеді ДДҰ басшысы.
Айта кетейік, ДДҰ биыл медицина нысандарына жасалған 900-ден астам шабуылды тіркеді.