Эфиопияның солтүстігінде автобус апатқа ұшырап, кем дегенде 25 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM - Бейсенбі күні Эфиопияның солтүстігінде болған жол апатынан кемінде 25 адам қаза тауып, 29 адам жарақат алды. Оқиғаны жергілікті билік растады, деп хабарлайды Синхуа.

Солтүстік Волло аймағының қоғаммен байланыс кеңсесінің мәлімдемесіне сәйкес, Амхара аймағындағы Давунт округінде қоғамдық автобус аударылып, 25 адамның өмірін қиды.
Сондай-ақ апаттан 14 адам ауыр, тағы 15 адам жеңіл жарақат алды. Жергілікті биліктің хабарлауынша, қазір зардап шеккендерге жақын маңдағы медициналық мекемелерде көмек көрсетіліп жатыр.
Жан басына шаққандағы көлікке иелік етудің өте төмен деңгейіне қарамастан, Эфиопияда жол-көлік оқиғалары салыстырмалы түрде жиі кездеседі. Жол-көлік оқиғасының жиілеуіне жолдың нашарлығы, көлікті абайсыз жүргізу және қауіпсіздік ережелерін сақтамау, сондай-ақ жүргізуші куәлігі жүйесінің жетілмегендігі себеп болатыны айтылып отыр.