Егемен Қазақстан газеті 100 жылдық тарихын цифрлы жүйеге көшіреді

Цифрлы Қазақстан бағдарламасы аясында қолға алынған шаралардың алғашқысы - «Егемен Қазақстан» газетінің архивіндегі барлық нөмірін түгендеу және түгелдей цифрлы нұсқаға көшіру. Бас басылымның 100 жылдық мерейтойына орайластырып қолға алынған жобаның жалпы жұртшылық үшін маңызы зор.
«1919 жылдың 17 желтоқсанында «Ұшқын» деген атаумен шыққан кезінен бастап, содан кейінгі жылдардағы «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан», «Егеменді Қазақстан», «Егемен Қазақстанға» дейінгі сандарының толық цифрлы мұрағаты жинақталатын болады. Жалпы ел газетінде Қазақстанның 100 жылдық тарихын да айқын көруге болады. Өйткені, мұнда шежірелі жылдардың барлық белестері көрініс тапқан, бас басылым зар замандағы жағдайлардан да айналып өте алмаған. Ашаршылық, зұлмат, соғыс жылдары, тың игеру мәселелерінің барлығы сол кезеңнің тілімен бізге жетіп отыр», - дейді «Егемен Қазақстан» газеті АҚ Президенті Дархан Қыдырәлі.
Оның айтуына қарағанда, газет архивтерін цифрлы нұсқаға ауыстыру көптеген мүмкіндіктерге жол ашпақ. Мәселен, осы арқылы оқырман да, ізденуші ғалымдар да газеттің өткен жылдардағы күнін теру арқылы кез келген санынан ондағы материалдармен таныса алады.
Бұдан бөлек, «Егемен Қазақстан» газетінің жүріп өткен жолы 10 томдық кітап болып басылып шықпақ. Бұл ел газетінің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында аяқталады деп жоспарланған. Он томдық жобасына қатысушылардың бірі Намазалы Омашұлы зерттеу жұмыстарын жасай жүріп, «Егемен Қазақстанның» архивін үш рет қарап шыққанын айтты.
«Ол нөмірлер төрт жерде сақтаулы. Біраз беттері жоғалған, қиылған. Ал енді сол архив электронды форматқа көшірілсе немесе ол архив он томдық кітап болып шықса, зерттеушілер үшін баға жетпес сыйлық болғалы тұр. Өйткені, «Егемен Қазақстанның» архиві өте бай. Оның бір бөлігі төте жазу нұсқасында, оларды кириллицаға көшіру қажет», деді Намазалы Омашұлы. Жинақтың алғашқы алты томы келесі жылы шығады, ал басылымның 100 жылдығына қарай он томдық толығымен оқырман назарына ұсынылмақ.
Газеттің қолға алған келесі бір жобасы «Цифрлы Қазақстан: Мәңгілік Ел мұралары» деп аталады. Уики-Білім қорымен бірлесіп атқарылатын жоба арқылы еліміздің ғаламтордағы ақпараттық-имидждік бетбейнесінің танылымын арттыруңа бағытталады. Бұл ретте «Егеменнің» аса бай фотомұрағатында сақталған, ел тарихынан, тәуелсіздіктің сындарлы сәттері мен жарқын жетістіктерінен хабар беретін Қазақстанның қалалары мен көрікті мекендері туралы сирек фотосуреттер ұсынылады.
«Жобаның артықшылығы цифрлы қалыпқа көшірілген фотосуреттер Wikimedia Commons репозитарий жүйесіне жүктеледі. Әрбір фотоға қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде түсіндірмелер беріледі. Әлемнің қай қиырынан болмасын, Қазақстан туралы ақпарат алғысы келгендер, елімізбен танысқысы келетіндер осындай құнды фотоларға қол жеткізе алады», - дейді басылым жетекшісі Дархан Қыдырәлі.
Сондай-ақ, Егемен Қазақстан газеті жаңа порталының жобасын да таныстырды. Ерекше дизайнмен жасалған egemen.kz порталы 22 наурыз күні іске қосылады.
Жиынға қатысқан аға буын өкілдері, зиялы қауым заманауи жобалардың маңыздылығын айтып, Наурыз қарсаңында қолға алынған істерге игілік тіледі.