«Егемендік туралы декларация» қалай қабылданды

Осыдан тура 33 жыл бұрын - 1990 жылдың 25 қазанында Егемендік туралы декларация қабылданды. Бұл - өзге халықтармен тереземіз тең екендігін білдіретін тарихи құжат. Бастапқыда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы кеңес отырысына егемендік туралы декларацияның бірнеше жобасы әзірленіп ұсынылған еді. Негізгі жоба академик Салық Зимановтың басшылығымен жасалса, өзге нұсқаға «Демократиялық Қазақстан» депутаттық тобы бастамашы болды. Егемен ел екенімізді білдіретін тарихи құжаттың құжат түрі қандай болмақ туралы ойлар әртүрлі болған. Заң саласының мамандары, жұмыс тобы мүшелері бұл мәселені жан-жақты талқылап, «декларация» ұғымына тоқталды. Бұл туралы Kazinform тілшісіне тарих ғылымдарының докторы, ҚР Президенті Архивінің қолданбалы және ғылыми жобалар орталығының басшысы Әлімғазинов Қайрат Шәкәрімұлы айтты.

Қайрат Әлімғазинов
Фото: А.Павский/Kazinform

Қайрат Шәкәрімұлының сөзінше, өткен ғасырдың 1989-1991 жылдары заманауи Қазақстан тарихының күрделі кезеңі болды.

к
Фото: А. Павский/Kazinform

«КСРО-ның ыдырауы көптеген республикалардың өз тәуелсіздігін жариялауына септігін тигізді. Қазақстан тарихына келетін болсақ 1990 жылдың сәуір айында республикамызда Президент лауазымы еңгізілді. Сол кезден бастап елімізде күрт өзгерістер басталды. Мемлекетіміздің болашағына қатысты саяси күштерден түрлі ұсыныстар түсе бастады. Бастапқыда Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің отырысына мемлекеттің егемендігі туралы құжаттың бірнеше жобасы әзірленіп ұсынылған еді. Негізгі жоба академик Салық Зимановтың басшылығымен жасалса, альтернативті нұсқаны «Демократиялық Қазақстан» депутаттық тобы ұсынды», - дейді спикер.

Айтуынша, 1990 жылдың сәуір айынан басталған талқы қазанның аяғына дейін созылды.

«Бастапыда бұл заң бола ма, басқа құқықтық акт бола ма, әлде декларация бола ма деген сауал туындады. Заң саласының мамандары, жұмыс тобы мүшелері бұл мәселені жан-жақты талқылап, декларация ұғымына тоқталды. декларация егеменді мемлекет ретінде өзіннің сыртқы саясатын жүргізуге, тең құқылы деңгейде қарым-қатынас орнатуға жол ашатын маңызды құжат ретінде танылды. Декларация өзге халықтармен тереземіз тең ел екендігін білдіретін тарихи құжат», - дейді тарихшы.

ел
Фото: А. Павский/Kazinform

Сонымен қатар, ол декларацияда мемлекеттің даму бағыттары, егемендіктің барлық атрибуттары айқындалғанын атап өтті. Ашық азаматтық қоғам құру және ұлттық теңдік, мемлекеттік биліктің үстемдігі, тәуелсіздігі мен толыққандылығы, Конституция мен заңдардың үстемдігі, меншіктің алуан түрі, мемлекеттік бюджеті және қаржы-несие жүйесі, мемлекеттік қауіпсіздік, халықаралық қатынастарда тәуелсіз субъекті ретінде өзін тану туралы.

«Егемендік туралы Декларация - бізге шекарамызды белгілеуге, өзіндік экономикалық саясатымызды жүргізуге, қарулы күштерімізді құруға, мемлекеттік басқару органдарын жасақтау секілді маңызды істерге жол ашты. Өз мүддемізге сай қажетті заңдар қабылданды. Тәуелсіз мемлекетке тән саяси өзгерістер басталып кеткен еді. Тарих саласына келетін болсақ, еліміздің егемендігі тұсында тарихты қайта қалпына келтіру, өткенімізді түгендеу үшін бағдарламалар қабылданды», - деді ол.

ел
Фото: А. Павский/Kazinform

ҚР Президенті Архивінің қолданбалы және ғылыми жобалар орталығының басшысы Қайрат Шәкәрімұлы Президент архивінде тарихи құнды құжаттар сақталатынын жеткізді.

«1991 жылдан бері Президент қызметіне байланысты және Президентке тікелей бағынатын мемлекеттік мекемелердің құжаттары бізде сақталған. Бұл республикамыздың стратегиялық даму бағыттағы тарихи құжаттар. Архивте сақталатын құжаттардың негізгі бөлігі еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде құрылуы мен дамуы кезеңіне жатады. Президент Архиві тәуелсіздіктің елең-алаңының тарихын зерттеу үшін материалға бай. Декларацияны қабылдауға және іске асыруға байланысты архивтік құжаттардың нақты санын айта алмаймын. Ол мыңдаған құжаттарды құрайды», - дейді спикер.

ел
Фото: А.Павский/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар