Егін орағы кезінде фермерлерге дизель отыны төмен бағамен өткізіледі

Энергетика министрлігінің мәліметінше, Ауыл шаруашылығы министрлігінің және жергілікті атқарушы органдардың өтінімдері негізінде 2023 жылғы күзгі егін орағына фермерлерге 426 мың тонна дизель отыны бөлінді. Атап айтқанда, Энергетика министрлігі отынды ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін 284 мың теңге/тонна сомасында ұсынды. Бұл ретте мұнай өңдеу зауытындағы баға 1 литріне 239 теңгеден есептеліп отыр. Дегенмен, жеткізілетін өңірдің қашықтығына және өңірлік операторлардың шығындарына қарай, фермерлер үшін орташа баға 1 литріне шамамен 257 теңге болды.
«Қазіргі кезде жанар-жағармай құю станцияларындағы дизель отынының шекті бөлшек бағасы 1 литріне 295 теңге шамасында. Жалпы, бөлшек сауда құны (295 теңге/литр) мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге күзгі кезеңге арналған дизель отынының бағасы (257 теңге/ литр) арасындағы айырмашылық 14,8 % (шамамен 38 теңге жеңілдік) болды», - делінген министрлік хабарламасында.
Қазақстанда егін орағы шілде айынан бастап қараша айын қоса алғандағы уақытты қамтиды. Шілде айында дизель отынын жеткізетін өңірлік операторлар күзгі егін орағына бөлінген көлемнің тек 4,5 мың тоннасын немесе 1 пайызын жөнелтті.
Ережеге сәйкес жергілікті атқарушы органдардың комиссиялары фермерлерге дизель отынын жеткізетін өңірлік операторларды айқындайды. Комиссия құрамына әкімдіктердің, прокуратура органдарының (келісім бойынша), сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының (келісім бойынша), қоғамдық ұйымдардың, «Атамекен» ҰКП өңірлік кәсіпкерлер палатасының және жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің өкілдері кіреді.