«Егінжай» бағдарламасы бойынша шаруа қожалықтарына 1,2 млрд. теңгенің несиесі бөлінді

«Егінжай» іске қосылғалы бері, қор өз қаржысынан 560 шаруа қожалығына 1,2 млрд. теңгеден астам несиелер бөлді. Бұл бағдарлама бойынша несие алуда Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының шаруалары белсенділік көрсетуде. Былтыр көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 318 шаруа несие алды. Биыл осы қаржыландыру бағдарламасымен қорға 145 ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінен өтініш келіп түсті. Оның 139-ы қабылданып, 115-і мақұлданды», - дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Несиелеу департаментінің директоры Медет Тоқпай.
Оның айтуынша, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның құрамына кіретін компания. Оның басты мақсаты - тиімді шағын несиелендіру жүйесін дамыту арқылы ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту және халықтың әл-ауқатын жақсарту. 2005 жылдан бастап ауыл тұрғындарына шағын несиелеуді жүзеге асырып келе жатқан бұл қордан 2011 жылға дейін 14,8 млрд. теңгеге 63 мың шағын несие берілді.
Қордың баспассөз қызметінің хабарлауынша, «Егінжай» бағдарламасы бойынша несие 200 мыңнан 3 миллион теңгеге дейін көлемде 2 жылға дейінгі мерзіммен беріледі. Онда жылдық сыйақы мөлшерлемесі 12 пайыз, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 12,86 пайызды құрайды. Кепіл ретінде барлық қамту түрлері қабылданады: жер телімдері, ауылдағы үйлер мен қоралар, астық қолхат бойынша өсімдік өнімдері, екінші деңгейлі банктердің кепілдігі және тағы басқалар. Қарыздан комиссия ұсталынбайды және мерзімнен бұрын өтеу жағдайында айыппұл салынбайды. Ал қарыз алушы өтініш берген күннің алдындағы соңғы 3 айда салық және бюджетке төленетін басқа да төлемдер бойынша мерзімі өткен берешегінің болмауы тиіс. Соңғы есепті күнге (өтініш беретін айда) банктер және басқа да қаржы институттары алдында мерзімі өткен берешегінің болмауын дәлелдеуі керек. Сондай-ақ 3 жылдан ұзақ емес мерзімдегі нақты егін егілген жерлердің әрі осы саладағы еңбектің жемісі туралы мәліметтер; егін егетін жерлердің бар екенің растайтын құжат пен бірлесе жұмыс істеу туралы келісім-шарты болуы тиіс және берілген қарызды бақылау үшін екінші деңгейлі банктерде қосымша/арнайы есепшот ашуы қажет.