Егін жинау науқаны кезінде азық-түлік тауарлары қорын жасақтап алу қажет – Премьер
АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов егін жинау науқаны кезінде азық-түлік тауарларының қорын жасақтап алу қажет екенін айтты.

- Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, элеваторларда астықтың жаңа түсімін уақытылы қабылдап, кептіруді қамтамасыз етсін. Өнімді сақтау инфрақұрылымын толық пайдалану керек. Астықты, оның ішінде жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін сақтау бойынша қызмет көрсету бағасын негізсіз өсіруге жол бермеңіздер. Қажет болған жағдайда, бұл жұмысқа Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін де тартқан жөн, - деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, Көлік министрлігі Қазақстан темір жолы компаниясымен бірге астық тасымалдайтын вагондар мен жүк көліктерінің жеткілікті көлемін қамтамасыз етуі тиіс. Бұл ретте астықты жинау мен тасымалдау кестесін үйлестіру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге жұмыла жұмыс істеу керек.
- Егін жинау науқаны кезінде азық-түлік тауарларының қорын жасақтап алу қажет. Өңір әкімдіктері көкөніс өнімдерінің негізгі түрлерін қажетті көлемде жеткізу үшін қыркүйек айының соңына дейін келісімшарт жасауды қамтамасыз етсін. Сауда министрлігі ауыл шаруашылығы өнімдеріне баға белгілеу тізбегінде делдалдық схемаларға қарсы шаралар қабылдап, астықтың фермерлер үшін әділ шарттармен сатылымын қамтамасыз етсін. Сонымен қатар негізгі азық-түлік бағасының орынсыз өсуіне жол бермеу қажет. Сауда министрлігі әкімдіктермен бірге баға саясатын реттеу үшін қолдағы барлық құралды іске қосып, бұл мәселені қатаң бақылауға алуы керек. Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірге егін орағының сапалы өтуін, оның ішінде Үкімет жанындағы Жедел штаб аясында бақылауды қамтамасыз етсін, - деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, биыл болжам бойынша 24 млн тонна астық бастырылады.
Осы ретте Премьер-министр астықты егіс алқабынан тиісті жеріне дейін жеткізуді жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.