Егіншілерге өзекті метеорологиялық болжамдарды уақтылы беру қажет – Үкімет басшысы
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрі Олжас Бектенов ауа райы жағдайларына мониторинг жүргізуге ерекше назар аударуды тапсырды.
- Ауа райы жағдайларына мониторинг жүргізуге ерекше назар аударған жөн. Экология министрлігі жедел шешімдер қабылдау үшін егіншілерге өзекті метеорологиялық болжамдарды уақтылы беруді қамтамасыз етсін. Соңғы 3 жылда фермерлер 70 мыңға жуық жаңа техника сатып алды, оның 90 пайызы өзіміздің отандық өндірістен шыққан. Ауыл шаруашылығы, Өнеркәсіп министрліктері мен «Бәйтерек» холдингі жаңа техниканың үлесін арттыру жұмысын жалғастырсын, - деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, өнім түрлері мен көлемін ұлғайту үшін отандық машина жасаушыларды әрі қарай да белсенді ынталандыру қажет.
- Жуырда біз ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын жетекші әлемдік компаниялармен кооперацияны тереңдету, өндірісті локализациялау деңгейін арттыру және заманауи агротехнологияларды енгізу бойынша келісімге қол қойдық. Барлық жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктер қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетсін, - деді ол.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында саланы цифрландыруға баса назар аударғанын еске салды.
- Цифрлық құралдар аграрлық өндірістің барлық кезеңінде, яғни процестерді жоспарлау мен бақылаудан бастап дайын өнімді есепке алу мен сатуға дейін қолданылуға тиіс. Біз ауыл шаруашылығы өндірісінде цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні табысты қолдану мысалдарын бұған дейін де қараған болатынбыз. Осындай бастамалар мен тәжірибені одан әрі кеңінен тарату қажет. Елеулі жер ресурстарына ие шаруашылықтардың әлеуетін толық жұмылдыру керек. Жалпы соңғы жылдары өсімдік шаруашылығы орнықты өсім көрсетіп келеді. Біздің міндетіміз – осы қарқынды сақтап қалу, - деді Премьер-министр.
Айта кетейік, Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарының барысы талқыға салынып жатыр.