Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

eGov Business платформасы кәсіпкерлерге қандай мүмкіндік береді

АСТАНА.KAZINFORM — Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бизнеске арналған цифрлық құралдарды дамтыу барысы жөнінде мәлімдеді. 

eGov Business
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Оның сөзінше, жаңартылған eGov Business платформасы іске қосылды.

— Онда кәсіпкерлерге арналған қызметтер, сервистер және мемлекеттік қолдау шаралары цифрлық форматта шоғырланып жатыр. Сандар нәтижені анық көрсетіп отыр. Биыл жаңартылған қосымша 135 мың рет жүктелді, ал оны ай сайын 35 мың кәсіпкер тұрақты пайдаланады, — деді министр.

Сонымен бірге, eGov Business кәсіпкерлерге бизнестің бүкіл үдерісінде қолдау көрсетеді. Бизнесті тіркеу, шот ашу, лицензиялар алу, дамыту, компания құрылымына өзгерістер енгізу — барлығы бір қосымшада. Мәселен, бұған дейін жеке кәсіпкерлікті (ИП) жабудың нақты әрі түсінікті рәсімінің болмауы өзекте мәселе болатын. Бұл процесс цифрлық форматқа көшпеген еді. Енді ол eGov Business-те қолжетімді.

— Ал осы айдың басында қосымша арқылы бизнестегі үлесті сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігі пайда болды. Биыл ақпан айында eGov Business-ті одан әрі дамытудың кешенді жоспарын бекіттік. Біз мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктіреміз. Тәуекелге бағдарланған сервистерді, бизнестің цифрлық картасын, сондай-ақ кәсіпкерлерге арналған жер, мүлік және басқа да сервистерді дамытамыз, — деді Жаслан Мәдиев.

Оның мәлімдеуінше, жақын арада кәсіпкерлер банкке бармай-ақ, корпоративтік Visa банк картасын тікелей eGov Business қосымшасы арқылы рәсімдеп, оны бірден Apple Pay, Google Pay немесе Samsung Pay жүйелеріне қоса алады. Картаның деректемелері қосымшада қолжетімді болады. Қауіпсіздікке де жете мән берілген. Олай дейтініміз — платформа жеке деректерді сақтамайды және көрмейді — бұл үшін банк пен Visa жауап береді.

— Қыркүйек айында eGov Business-те Smart Contract сервисі іске қосылады. Онда шарттарды, мәмілелерді, оның ішінде мердігерлермен жасалатын шарттарды цифрлық қолтаңба арқылы қол қойып, толығымен электрондық форматта рәсімдеуге болады. Қағазсыз және делдалдарсыз, — деді министр.

Алайда ол бірқатар келеңсіз жайт бар екенін де атап өтті. Цифрландыруға қарамастан, кәсіпкерлер әлі де ұзақ процесстерге тап болып келеді. Жаслан Мәдиевтің сөзінше, бизнесті бастау мен инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қажетті кей тетік монополистердің қолында. Олар жер учаскелерін бөлу, инженерлік желілерге қосылуға рұқсат және техникалық шарттар беру сияқты процестерге тікелей қатысады.

— Дәл осы жерде өтінімдерді қарау мерзімдері жүйелі түрде бұзылып отыр. Норматив бойынша келісу рәсімдеріне небәрі 5 жұмыс күні беріледі. Ал іс жүзінде 3 мың өтінім 3 айдан астам уақыт бойы монополистерде «тоқтап қалған». Антилидерлер қатарында — «Алматы Су», «Павлодарэнерго», «QazaqGaz Aimaq» өңірлік құрылымдары. Монополистердің көбі цифрлық форматқа көшуге асықпауда. Бұл жұмыс тек Астанада, Жетісу және Алматы облыстарында ғана тиісті деңгейде жолға қойылған. Ұлттық экономика министрлігінің үйлестіруімен басқа өңірлер де осы тәжірибені қолға алуы тиіс, — деді Жаслан Мәдиев.

Айта кетейік, бұған дейін eGov GPT-дің артықшылығы қандай екенін жазғанбыз.