eGov Mobile: «Заң мен Тәртіп» цифрлық сервиісі қоғамда қаншалықта қолданылып жүр
АСТАНА. KAZINFORM — Азаматтар құқық бұзушылықтар туралы полицияға eGov Mobile қосымшасында және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларында қолжетімді «Заң мен Тәртіп» цифрлық сервисі арқылы хабарлай алады. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Сервис өткен жылдың жазында іске қосылған болатын. Арнайы батырма арқылы пайдаланушылар құқық бұзушылық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғасы, балаға қатысты оқыс жағдай және қоғамдық тәртіпті бұзудың басқа да деректері туралы полиция бөліміне бармай-ақ, қоңырау шалмай-ақ, жедел хабарлама жібере алады.
Хабарлама бірден полицияға түседі, бұл азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
— Биылғы жылдың төрт айында сервис арқылы 34 153 хабарлама келіп түсті, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, Қазақстанның құқық қорғау жүйесі цифрландырудың жаңа деңгейіне көшті. Бүгінде еліміз бойынша 1,6 миллионнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істесе, оның едәуір бөлігі жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған.