Егістік суару: оңтүстік өңірлерде 9,9 млрд текше метр су пайдаланылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның оңтүстік облыстарында егіс алқаптарын суаруға жоспарланған су көлемінің 98%-ы алынды, деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.

егістік суару
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Вегетация кезеңі басталғаннан бері Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарында егіс алқаптарын суару үшін 9,9 млрд текше метр су алынды. Жоспарланған көлем 10,1 млрд текше метр. Вегетация кезеңінің соңына дейін қалған 200 млн текше метр су алынады.

Қазір Алматы облысында 1,2 млрд текше метр су алынып, 136 мың гектар егістік суарылды. Ал Жетісу облысында 1 млрд текше метр су алынып, 132 мың гектар жер суарылды. Жамбыл облысында Тасөткел су қоймасынан, Шу және Талас өзендерінен алынған су көлемі 897 млн текше метр болды. Өңірде 70 мың гектар егістік жер суарылды. Қызылорда облысы алған су көлемі — 3,476 млрд текше метр. Өңірде кестеге сәйкес күріштің масақтану кезеңі өтіп жатыр. Түркістан облысына 3,27 млрд текше метр су берілді. Бүгінгі таңда Шардара ауданында негізгі дақылдарды суару аяқталды. Мақтаарал және Жетісай аудандарында 111,4 мың гектар жер суарылды. Қазақстанның басқа өңірлерінде жалпы көлемі 327 млн текше метр су алынды.

— Қазақстанда суару маусымы аяқталуға жақын. Министрлік қабылдаған шаралар вегетация кезеңінің қалған бөлігін тұрақты өткізуге мүмкіндік беріп отыр. Елдің оңтүстігінде каналдар арқылы суды кезекпен беру кестелері бекітілді, сорғы қондырғылары мен тік дренаж жүйелері қосылды, сондай-ақ су шаруашылығы жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіліп, коллекторлық-дренаждық су қайталама пайдаланылып жатыр, — деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.

Осыдан бұрын Су ресурстары министрлігі 29 гидротехникалық нысанға көпфакторлы зерттеу жүргізіп жатқаны мәлім болды.

Соңғы жаңалықтар