Егіз полицейлер: бірі жол апатын тергеп, екіншісі қоғамдық тәртіпті күзетеді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қанат және Қайрат Тажекен бір мамандықты таңдады, бір жерде әскери борышын өтеп, полиция қызметіне жұмысқа орналасты. Бірнеше жыл қатар еңбек етті. Қазір екеуі екі бөлімге бөлінді. Бірі тергеуші, екіншісі патрульдік қызметте. Бірақ күн сайын бір-біріне қоңырау шалып тұрады. Бірі алыс кетсе, екіншісі сағынады. Kazinform тілшісі Ақтөбе облысы полиция департаментінің қос қызметкерімен сұхбаттасты.
Қанат Тажекен – анықтаушы
Қанат және Қайрат Тажекен Ақтөбе облысы Қобда ауданының тумасы. Аудан орталығындағы бір балабақшада тәрбиеленді, гимназияда білім алып, кейін заң институтында оқыды. Қолына диплом алған соң әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеді. Содан кейін екеуі Ақтөбе облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонында еңбек етті.
Арада 10 жыл өткенде Қанат Тажекен Ақтөбе облысы полиция департаменті анықтау басқармасы жол-көлік оқиғасы тергеу бөлімінің анықтаушысы болды. 2022 жылдан бері өңірдегі ірі жол-көлік оқиғаларына тергеу жұмысын жүргізеді.
- 2013 жылы полиция қызметінің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсы болмады. Хаттаманың бәрін қолмен жазып, толтырған едік. Патрульдік көлік саны да көп емес еді. Ескінің бәрі артта қалды. Қазір көліктер жаңа, хаттамалардың бәрін планшет арқылы толтырамыз. Жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық істі тергеу жұмыстары да оңтайландырылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі онлайн іске асырылады. Соған қарамастан тергеу оңай іс емес. Бір жол-көлік оқиғасын тергеу үшін бірнеше сараптама тағайындалады. Олардың ішінде сот-медициналық, геномдық, автотехникалық, трасологиялық, есептік сараптама бар. Адамның түрін анықтау мүмкін болмаған жағдайда геномдық сараптама тағайындалады. Ал тежегіштің қызметіне автотехникалық сараптама жауапты. Екі немесе одан да көп көліктің қалай соқтығысқанын трасологиялық сараптама арқылы білуге болады. Жылдамдық пен көлік бағытының өзгеруін есептік сараптама арқылы анықтаймыз,- деді Қанат Тажекен.
Ол Самара-Шымкент тасжолында болған ірі жол-көлік оқиғасына тергеу жұмысын жүргізді. Оқиға кезінде 12 адам көз жұмды, арасында балалар бар. Олар сол кезде спорттық жарысқа қатысуға жолға шыққан еді. Мұндайда ең қиыны – жас өлім.
- Оқиға орнына барған соң балалардың денесін көру қиын болды. Өте ауыр соққы. Алдымен аумақты қоршап қоямыз. Бұл мән-жайды анық білуге көмектеседі. Маңыздысы – соқтығысу орны. Тасжолдың үстінде із қалды, ол бұзылмауы тиіс. Жол нашар болды ма, жоқ па деген сұрақ та назарда. Кейбірі дөңгелегі жарылғанын айтады. Ал 12 адамның қазасы кезінде жол жақсы, белгілері орнатылған болды. Жүк көлігі қарсы бағытқа шығып кеткен,- деді ол.
Анықтаушы Қанат Тажекеннің айтуынша, жол-көлік оқиғасы бейнетаспаға түссе, тергеу де тез аяқталады. Себебі ол - айғақ зат. Полицияның кейде жол-көлік оқиғасын көрген-білгендерді іздеп, хабарлама беруі содан.
- Бұл сол сәттегі жағдайды нықты анықтауға мүмкіндік береді. Ол фототехникалық сараптамаға жатады. Көліктің жылдамдығын, қай жүргізуші қай бағытқа бұрылғанын білеміз. Егер жол-көлік апаты кезіндегі бейнематериал әдейі өшірілсе, қайта қалпына келтіріледі. Әзірге ондай жайт кездеспеді. Жалған ақпарат бергенде қылмыстық жауапқа тартылатынын тергеу басында ескертеміз. Содан болар, мұндай кезікпеді,- деді ол.
Кейде бір жол-көлік оқиғасы сол аумақтағы қозғалысты өзгертуге түрткі болады. Жылдамдықты шектейді, қосымша жол белгілерін орнатады немесе бейнебақылау камерасы қондырылады, жарықшам көбейеді. Кейде жаяу жүргіншілерге арнап жолақ салынып, бағдаршам іске қосылады. Жол-көлік оқиғасының негізгі себебі – жылдамдықты сақтамау, қарсы бағытқа шығу, шаршап рульге отырып, ұйықтап кету. Жүргізушілер көбіне мұны мойындай бермейді. Есесіне куәгерлер жылдамдықты асырғанын, телефонмен сөйлескенін, қалғып келе жатқанын жасырмайды.
Қайрат Тажекен – патрульдік полиция қызметкері
Қанат және Қайрат Тажекен бір-бірінен жыраққа кетпейді. Бала кезінде екі жақта жүрсе ауырып қалатын. Содан бері бір қалада жүргенді жөн көреді. Қазір де бір-бірін ұзақ уақыт көрмесе сағынады. Күн сайын бейнеқоңырау шалып, хәл-жағдайын сұрастырып отыруды әдетке айналдырған.
Қанат Тажекен төрт, ал Қайрат Тажекеннің үш баланың әкесі. Оларды кейде балалары да ажырата алмай қалады.
- Бала кезден бастап полиция қызметкері болғымыз келді. Арман жетелеп, осы саланы таңдадық. Әкеміз алғашында ауыл шаруашылығы саласын ұсынды. Ал біз әкемнің інісінің, яғни, полиция қызметкері болған ағамыздың формасына қызыққан болуымыз мүмкін,- деді Қанат Тажекен.
Қайрат Тажекеннің айтуынша, қызмет жолының алғашқы күндері жүргізушілер де ажырата алмай, таңқалатын. Алғашқыда біріншісі хаттама толтырса, көп ұзамай екіншісі алдынан шығатын. Қазір бәрі артта қалды. Себебі патрульдік қызметте тек Қайрат Тажекен еңбек етеді. Уақыт өте келе жолдағы жағдай да өзгерген.
- Қазір егде тартқан адамдар жол ережесін бұза бермейді. Олар тек жол белгілері өзгергенді аңғармай қалуы мүмкін. Ал бұзушылықты көбіне жастар әдейі жасайды. Егер жолда бұйрыққа бағынбаса 2-3 рет ескертеміз. Ашуға беріліп, қарсылық көрсетсе Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 667-бабы негінде хаттама толтырылады, сотқа жіберіледі. Кейінгі кезде ескертумен шектеліп жатырмыз. Ал трендке ергендерді жедел іздестіру тобы анықтайды. Көліктен басын шығарса, түрлі трюк жасаса, анықтап, тауып алады. Жедел басқару орталығына қосылған камералар арқылы бәрі бақылауда тұр. Тіпті шағым 102 қосымшасы арқылы да түсіріп жатады,- деді Қайрат Тажекен.
Қазіргі кезде жас мамандарға бар мүмкіндік қарастырылған. Оқу орнын бітірген соң әскери борышын өтеу міндеттелмейді. Егер баспанасы болмаса, отбасындағы әр жанға пәтер ақысы бөлінеді. Оқу бітірген соң екі ай курста білімін жетілдіреді. Онда да жалақысы төленеді. Жұмысқа кіріскен соң тәлімгер бекітіледі. Полиция қызметкері заңдағы өзгертулер мен толықтыруларды күні бұрын біліп, жол қозғалысы қатысушыларына түсіндіріп отыруы тиіс.
- Қазіргі кезде самокат айдайтын адамдардың жауапкершілігі артты. Енді жолдың оң жақ жиегінде жүреді. Мопедті мас күйінде жүргізсе, жүргізуші куәлігінен айырылады,- деді ол.
Қайрат Тажекен алғаш қызметке кіріскен шақта бәрі де таңсық әрі қызықты болғанын жасырмайды. Мамандыққа деген қызығушылық оның қиындығын сездірмеді. Бүгінде ол жолдағы, қоғамдық орындағы тәртіпті қадағалайды, жедел желіден түскен шақыртуға барады. Сонымен бірге оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетеді.
- Мансапта өсуге болады. Еңбек еткен адам қызметте сатылап көтеріледі. Маған жол-көлік оқиғасын анықтау, тергеу ұнады. Содан анықтаушы қызметіне бағытталдым, - деді Қанат Тажекен.
Биыл Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін грамота берді.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбедегі пробациялық бақылау қызметі туралы жазылды.