«ЕХРО-2017» әлемдік көрмесін ұлттық өнердің тынысын ашуға пайдалану керек - қолөнерші Айгүл Жансерікова

- Айгүл 2017 жылы Астанада өтетін төрткүл дүние құлақ түріп отырған «ЕХРО» көрмесі қолөнершілердің тынысын аша ала ма?
- Бұл мүмкіндікті пайдалана алсақ, әрине, өнеріміздің өрісі кеңитіні күмәнсіз. Тек бұл үшін жайбырақат тірліктен арылу керек. Егер арқаны кеңсе салып, бір реті болар деп жүре берсек, одан ұтылмасақ, ұтпаймыз. 2011 жылы Алматы мен Астана қалаларында өткен VII Қысқы Азия ойындарынан әлі сабақ алған жоқпыз. Онда қолөнер бұйымдарын саудалауда бізден гөрі көршілес қырғыз бен өзбек бауырлар өз ұпайын түгендеп кеткені баршамыздың көзіміз көріп, құлағымыз естіген жәйт болды. Ендігі міндет - «ЕХРО» әлемдік көрмесінде бұл олқылықтың орнын толтыруға осы бастан қамдану болу керек. Өкінішке орай, бізде әлі қозғалыс байқалмайды. Тіпті еліміздің мәдени орталығы саналатын Алматының өзінде қолөнершілердің көрме-жәрмеңкелері күні бүгінге дейін тек Орталық Азиядағы көршілес елдердің сауда алаңына айналып кетті. Онда саудаға шығарылып жатқан бұйымдардың көпшілігін сапасы сын көтермейтын арзанқол бұйымдар құрауда. Бізде «Жаман үйді қонағы билейдінің» кері боп тұр. Ащы да болса шындық осы.
«Ештен кеш жақсы» демекші бізге енді этнотуризмді дамытуға шындап көңіл бөлетін уақыт келді. Бұл әсіресе «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде өте өзекті мәселе болуға тиіс. Өйткені киіз үймен және етпен ғана мақтана алмаймыз. Онда музыка, қолөнер және асхананың ұлттық ерекшелігін көрсете алсақ, шетелдік саяхатшылардың назарын өзімізге аударуға мүмкіндік бар. Мәселен Бүкіәлемдік туристік ұйымның деректеріне қарағанда, жыл сайын әлемде 1 миллиард адам саяхатқа шығып, ел аралап, жер көріп қайтады. Егер елімізге туристерді көптеп тартамыз десек, экотуризмнің мүмкіндігін толық пайдалану керек. Онсыз туризм саласын өркендету мүмкін емес.
- Наурыздың 2-3 күндері ҚР Мемлекеттік орталық музейінде Бүкіәлемдік қолөнер кеңесі сарапшыларының шешімімен БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының (ЮНЕСКО) Сапа бағдарламасы бойынша үздік қолөнер бұйымдарына Сапа сертификаты берілді. Онда қырғыздардың - 22, қазақтардың - 12, өзбектердің - 5, тәжіктердің - 2, түрікпендердің - 1 бұйымы жеңімпаз атанды. Бұл еліміздегі қолөнершіліктің даму көрсеткішінің бір көрінісі деуге бола ма?
- Солай десе де болады. Екі жылда бір берілетін бұл марапатты бұған дейін негізінен қырғыздар өзара бөлісетін. Бізден оған осы уақытқа дейін тек санаулы ғана шеберлер ғана қол жеткізіп келді. Сондықтан биыл онда 12 бұйымымыздың халықаралық деңгейдегі сапа белгісін иеленуін өз басым үлкен жетістік деп санаймын.
Жасыратыны жоқ, Қазақстанда қолөнер шеберлігі Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан елдеріне қарағанда әлі дамымаған. Қазақстанға қарағанда Қырғызстанда қолөнер кәсібінің кең қанат жаюына ең алымен халықаралық ұйымдардың гранттық бағдарламалары түрткі болды. Күнкөріс көзі ретінде қалыптасқан қолөнер кәсібімен қазір кейбір жерлерде бүтін бір ауыл тұрғындары айналысады. Бізде мұндай үрдіс жоқ деуге болады. Қолөнершілердің саны бүкіл елімізде 500-600 адамның айналасында ғана болып отырғаны сондықтан. Екіншіден, қырғызстандық Динара Чочунбаеваның Бүкіләлемдік қолөнер кеңесінің Азия-Тынық мұхит аймағындағы Орталық Азия бойынша вице-президенті болып жұмыс жасауы белгілі бір деңгейде осы елдің қолөнершілерінің ақпаратқа қолжетімділігін арттыруға өз ықпалын тигізуде.
2000 жылдары Қазақстанда да киіз бұйымдарын жаңғырту керек деп, халықаралық ұймыдармен жұмыс жүргізе бастаған кезде олар маған күлген болатын. Қазір енді бізді еріксіз мойындауға мәжбүр бола бастады. Өйткені, сапа жағынан қазақстандық көптеген қолөнершілер оларды басып озып, әлемдік нарыққа шыға бастады. Мәселен, менің компаниям қазір толықтай халықаралық деңгейдегі сапалы өнім шығаруға бағытталып, тек тікелей тапсырыстар арқылы жұмыс жасауға көшті.
- Жаңылмасам, биыл екі өніміңіз сапа сертификатын иеленді. Алайда сіздер бұл көрме-жәрмеңкеге қатыспадыңыз. Оның себебі неде?
- 2012 жылы ЮНЕСКО-ның 3 сапа сертификатын алғам, бұл жолы 2 сертификат алып отырмын. Өйткені мен өзгелер секілді бір ғана бұйымды емес, жүйелі түрде бүтін бір желіні ұсынып жатырмын. Себебі, әрбір өнімге сертификат алып санды көбейткеннен гөрі оны балалар киімі, аксесуарлар, үй жабдықтары деген сияқты топтап бүтін бір желімен ұсынған бізге қолайлы болады.
Ал бұл көрме-жәрмеңкеге қатыспау себебіміз, біріншіден біздің бұйымдарымыздың деңгейі базардың деңгейінен өсіп кетті. Бұл бізге қызықсыз. Өйткені өндірген өнімімізді өткізумен қазір бас ауыртпаймыз. Бәрі өндірістік жолға қойылып, өзіндік бизнес менеджментімізді қалыптастырып алдық. Екіншіден, бұл жердегі өнімдердің көпшілігі сапасы төмен, арзанқол бұйымдар. Сондықтан бағасы да соған сай және кейбірі сыртқы сипатына қарап жоғары баға белгілеп отыр. Асыл мен жасықты айыра алатын адам оны бірден байқайды. Мәселен, мұнда саудаланып жатқан жүннен жасалған бұйымдардың көпшілігі киіс бермейді. Өйткені иі қанбаған, сапалы шикізат қолданбағандықтан және технологиясы толық сақталмағандықтан түгі түсіп, тез жыртылып қалады. Осыны білсе де, білмеген сыңай танытатын Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты көрші елдерден келген кәсіпкерлердің көпшілігі «күріштің арқасында күрмек су ішеді» дегендей, аңғал тұтынушының қалтасын қағуда.
- Сұраныс ұсынысты тудырады деген қағида ше?
- Бұл жерде барлық мәселе сапаға келіп тіреледі. Меніңше, бұл көрменің Қазақстанның қолөнер нарығын дамытуға қосып жатқан үлесі шамалы. Өйткені мұнда шын мәніндегі бәсекелестік жоқ. Өйткені сырттан келгендердің жасаған бұйымдардың көпшілігінің сапасы да, бағалары да төмен. Бұл жерде сатылған азын-аулақ бұйымдардың ақшасы бізден әлеуметтік-экономикалық жағдайы айтарлықтай төмен, қырғыз, өзбек, тәжік, ауғандықтар үшін жоғары болуы мүмкін. Сондықтан өз еңбегінің бағасын білетін қазақстандық шеберлер оған белсенді түрде қатысып жатқан жоқ. Бұл - ұйымдастырушылардың басты қателігі. Олар өнімнің сапасына кепілдік берсе, оған қатысушылар да, сатып алушылар да бұдан әлдеқайда көп болар еді. Мәселен, Қолөнерді дамытудың этнотуризм орталығы 2012 жылдың желтоқсан айында Астанада республикалық фестиваль өткізді. Онда этнотуризмді дамыту мәселесі бойынша семинар өткізіп, Хат шатырда тек жәрмеңке жасадық. Онда әрбір шебер ең кемінде 2 мың долларға сауда жасады. Бұл қаржы олардың өз кәсібін дамытуына үлкен септігін тигізгені күмәнсіз.
Жалпы сапаға бақылау болмай, нарық дамымайды. Мәселен, елімізде «Шебер» деген байқау өтеді. Онда жүлде алған өнімдердің кейбірінің түр-сипаты әдемі болғанмен сапасы сын көтермейтін жағдайда. Бұл аталмыш байқаудың деңгейі сондай деген сөз. Өнердің бағасын тек кәсіби мамандар ғана бере алады. ЮНЕСКО-ның Сапа белгісі бағдарламасының сарапшылары халықаралық деңгейдегі білікті мамандар болған соң, оған шебердің де сенімі жоғары. Оны сапа сертифкатын алып, халықаралық деңгейдегі көрмелерде ел намысын қорғап жүрген қолөнершілер жақсы біледі.
- Елімізде қолөнердің кең қанат жаюына кедргі болып отырған басты мәселе не?
- Өнер үйренуге деген немқұрайлы көзқарас. Егер ықылас болса, бәрін үйренуге болады. Өнер - таусылмас кен. Онда әрбір адам өзіне күн сайын жаңалық ашуына мүмкіндік бар. Егер технологияны үздіксіз жетілдіріп, өнім түрлерін көбейтуге тұрақты түрде ден қойсаңыз, қолөнердің шығармайтын шыңы жоқ. Халқымызда өнерімен бір отбасын ғана емес, бүкіл ауылды асыраған шеберлер туралы аңыз-әңгімелер өте көп. Тек соны тыңдар құлақ пен ата дәстүрлі қайта жаңғыртар жастар аз болып отыр. Меніңше, бұл уақытша құбылыс. Олардың істің көзін таба білсе, өнерімен өрге озып, елге сыйлы бола алатынын түсінетін кезі алыс емес. Тек ол үшін әрбір адам өз ісін бизнес деп қарастыруы қажет. Біреу сырттан келіп бірдеңе жасайды, не көмек береді деген ойдан арылса, кез келген адам өзіне кәсіп таба алады.
- Айтқаныңыз келсін! Сіздің де еңбегіңізге жемісті бола берсін.