Екі ел арасындағы ынтымақтастық әскери даярлық пен білім беруді қамтиды – Вернон Кокер
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбритания Қорғаныс министрінің орынбасары Вернон Кокер агенттік тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында Қазақстан мен Ұлыбритания қорғаныс саласындағы ынтымақтастығының негізгі бағыттарын сөз етіп, әскери дайындық пен бейбітшілікті сақтау операциялары бойынша байланыстарды тереңдетудің маңызын атап өтті.

– Бұл – Орталық Азияға алғашқы сапарыңыз. Алған әсеріңізбен бөліссеңіз... Екі елдің қорғаныс саласындағы ынтымақтастығының болашағын қалай бағалайсыз?
– Иә, мен Ұлыбритания Қорғаныс министрлігі мен жаңа үкімет өкілі ретінде Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын. Бұл елдің табиғаты таңғажайып, ал халқының қонақжайлығы ерекше екен. Мені жақсы қарсы алды. Келешекте осы ғажап мекенге жұбайыммен бірге турист ретінде қайта ораламын деген ойдаймын.
Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық қазірдің өзінде жоғарғы қарқынмен дамып жатыр. Біз Қазақстанның ұстанымына өте жоғары баға береміз. Бұл – өз шешімдерін өзі қабылдайтын, тәуелсіз әрі қуатты мемлекет, мақтауға лайық ұлт. Қазақстанмен тең серіктес ретінде ынтымақтасуға дайынбыз және екі тарап үшін маңызды ортақ мақсаттарға қол жеткізуге ұмтыламыз.
Қазіргі уақытта ынтымақтастығымыз негізінен әскери даярлық пен білім беру салаларын қамтиды. Қазақстан тарапы Ұлыбританияда кәсіби әскери білім алу ұсынысына зор қызығушылық танытты. Бітімгершілік операциялар орталығы – Kazcent аясындағы бағдарламалар жақсы нәтиже көрсетіп келеді, бұл бағыттағы жұмысты одан әрі кеңейтуге дайынбыз. Бұл – шын мәнінде үлгілі жоба әрі ол Қазақстанның бейбітшілікті қолдайтын ұстанымын айқын көрсетеді.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті елдің бітімгерлік миссияларындағы рөліне ерекше мән беретінін білеміз. Әскерилердің дайындықтарын, сондай-ақ олардың Голан биіктеріндегі алғашқы тәуелсіз операциялардағы табысты қызметін бақыладық.
Ұлыбританияның Чехияда орналасқан консультативтік-оқыту әскери тобы да өз үлесін қосып отыр. Жуырда 21 курсант пен офицерге оқуды сәтті аяқтағаны туралы сертификат табыстадық. Бұл – екі ел арасындағы сенімді әріптестіктің тағы бір дәлелі. Қазақстан осы жетістікпен мақтана алады, ал біз өз кезегімізде осындай ынтымақтастықтың бір бөлшегі болғанымызға қуаныштымыз.

– Қазақстанға жасаған сапарыңыз аясында, тағы басқа, мәселен терроризмге қарсы күрес немесе шекараны қорғау сияқты нақты бір бағытта ынтымақтастықты күшейту жоспарланып отыр ма?
– Кадр даярлау – ең маңызды бағыттардың бірі. Осы ретте әскери оқу, бірлескен жаттығулар мен ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Қазақстан қажет деп тапса, өз тәжірибемізбен бөлісуге және әріптестік орнатуға дайынбыз.
– Көпполярлы әлем жағдайында Ұлыбританияның қорғаныс саласындағы қазіргі басымдықтарын қалай сипаттар едіңіз?
– Әлемде біз үшін маңызды бірнеше аймақ бар. Ең алдымен, Украинадағы жағдай басты назарда. Сонымен қатар Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленісті реттеу ісіне, Израиль, Газа және Палестина мәселесіне қатысты диалогқа қатып жүрміз.
«НАТО – негізгі әріптес, бірақ жалғыз емес» деген ұстанымды ұстанамыз. Еуропа біз үшін басым бағыт болғанымен, қорғаныс саясаты тек сонымен шектелмейді. Ал Қазақстанмен бейбітшілік пен тұрақтылық жолында бірлесіп жұмыс істеуге мүдделіміз. Осыған байланысты Қазақстан Қорғаныс министрінің орынбасарымен келіссөздер жүргіздік, Сыртқы істер министрлігіне бардық, Мәжілістегі халықаралық қорғаныс комитетінің өкілдерімен кездестік. Бұл кездесулерде екіжақты серіктестікті дамыту мүмкіндіктерін тағы бір пысықтадық. Басымдықтарымыз – жоғарыда атап өткен нақты жобалар.
Сонымен қатар маңызды мемлекеттермен өзара іс-қимыл орнату – басты ұстанымымыз. Бұл ретте Қазақстан өркендеу мен өсудің нақты үлгісі деп толық айтуға болады. Президент айтқандай, ел бейбітшілікті жақтайтын ұстанымымен ерекшеленеді және мүмкіндігіне қарай халықаралық бастамаларға үлес қосуға тырысып келеді. Аталмыш бағыттағы әріптестікке зор мән береміз.
– Қазақстан – орта держава санатындағы ел. Халықаралық ахуалды ескере отырып, орта деңгейдегі державаның болашақта ынтымақтасуға қажетті серіктес бола алатынына сенесіз бе?
– Қазақстанды маңызды серіктес ретінде қарастырамыз. Біз – өте жақсы достармыз, тығыз ынтымақтастығымыз бар және оны ары қарай қалай дамытамыз деген бағытта жұмыс істеуіміз қажет. Қазақстан халқы өз Президентімен және елдің халықаралық аренадағы ұстанымымен де мақтана алады. Қазақстанның бітімгершілік қызметі әлемнің көптеген еліне үлгі.

– Қорғаныс саласындағы шығындар қысымға ұшырап жатқан уақытта, Ұлыбритания әскерін модернизациялау мен бюджет шектеулерінің арасындағы тепе-теңдікті қалай ұстап отыр?
– Ұлыбританияда қорғаныс бюджеті айтарлықтай ұлғайтылды және алдағы екі жылда бұл үрдіс жалғасады. Бюджет көлемі ғана емес, сонымен қатар оның тиімді жұмсалуы да маңызды. Біз қорғаныс шығындарына шолу жүргізіп, қаражатты қайда бағыттау керектігін, қандай техника қажет екенін, қанша әскери қызметкер керек екенін анықтап отырамыз. Сондай-ақ одақтастарымызбен ынтымақтаса отырып, қажетті құрал-жабдықтар мен мүмкіндіктерге қол жеткізу жолдарын да қарастырамыз. Бұл – тек қаражатты көбейту емес, сонымен бірге реформаларды жүзеге асыру.
– Келешекте Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы ынтымақтастық қай бағытта тереңдей түсуі мүмкін?
– Ең алдымен, әскери дайындық пен білім беру саласын кеңейтуге болады деп ойлаймын. Офицерлермен алмасу бағдарламасын дамыту жайлы да пікір алмастық. Былтыр Қазақстан Қарулы Күштері Уэльсте Британ армиясы ұйымдастырған халықаралық Cambrian Patrol жаттығуына қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Бұл жарысқа әлемнің түкпір-түкпірінен әскери бөлімдер қатысады және кейінгі жылдары қазақстандық команда қола медаль жеңіп алды.
Сондай-ақ бітімгершілік саласындағы ынтымақтастықты да кеңейту жоспарда бар. Қазақстан Ұлыбританиядан сатып алған A400M ұшағын Голан биігіндегі бітімгершілік операция шеңберінде жүк жеткізу үшін пайдаланылды. Бұл миссияны техникалық жағынан қолдаудың қосымша жолдарын, соның ішінде басқа жабдық түрлерімен қамтамасыз ету мәселесін де қарастырып жатырмыз.
Жастар үшін мәдени тәжірибе алмасу өте маңызды, бұл өзара түсіністікті арттырады. Қазіргі заман түрлі сын-қатерлерге толы, сондықтан мұндай байланыстың пайдасы зор. Тағы қайталап айтқым келеді: қазақстандықтар өз елімен мақтана алады және оған толық қақысы бар.