Екі қазақстандық теннисші Президент кубогының ширек финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Президент кубогы үшін өтіп жатқан ITF W15 турнирінде қазақстандықтар Аружан Сағындықова мен Іңкәр Дүйсебай ширек финалға жолдама алды.

Аружан алғашқы кездесуінде отандасы Альбина Кәкенованы 6:0, 6:3 есебімен жеңген. Ал бүгін А.Сағындықова екінші айналымда ресейлік Дарья Зелинскаяның мысын басты – 6:1, 7:5.
Енді ол жартылай финалға шығу үшін белоруссиялық Владислава Зверевамен шеберлік байқасады.

18 жастағы Іңкәр Дүйсенбай бірінші айналымда қазақстандық Полина Слепцовадан айласын асырған – 0:6, 6:0, 6:3.
Екінші кездесуінде ресейлік Устиния Лекомцевадан басым түсті – 6:3, 6:4. Ол ширек финалда тағы бір ресейлік Екатерина Хайрутдиновадан өтуге тырысады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Германиядағы турнидің ширек финалына шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Елена Рыбакина Монреаль турнирінің финалына бір қадам жетпей тоқтады.