Екі күнде 743 заңбұзушылық: жамбылдық полицейлер жолаушылар тасымалына тексеруді күшейтті

ТАРАЗ. KAZINFORM – Профилактикалық рейдтер барысында тәртіп сақшылары жүргізушілердің жолаушылар мен жүк тасымалдау ережелерін сақтауына, көлік құралдарының техникалық жай-күйіне және рұқсат құжаттарының болуына баса назар аударды. Бұл туралы Жамбыл облыстық Полиция департаменті мәлім етті.

рейд
Фото: Жамбыл облыстық ПД

Полицейлер қалааралық автожолдарда, автовокзалдар маңында және жолаушылар ағыны жиі жүретін бағыттарда тексеру жүргізуде. Рейд барысында тежеу жүйесі, рульдік басқару, шиналар, жарық құрылғылары, тахографтардың болуы мен жарамдылығы тексеріледі.

Сонымен қатар, жүргізушілердің еңбек және демалыс тәртібін сақтауына да бақылау жүргізілуде.

- Екі күн ішінде техникалық ақауы бар көлікті пайдалануға шығарғаны және көлік пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 11 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Шара барысында облыс бойынша барлығы 743 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 19 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған. Жол белгілері мен таңбалар талаптарын сақтамағаны үшін 211 жүргізушіге, маневр жасау ережесін бұзғаны үшін 81 жүргізушіге айыппұл салынды, - деп жазды департаменттен.

Жолаушыларды тасымалдау талаптары мен қауіпсіздік белдігін пайдаланбағаны үшін 85 жүргізуші, заңсыз тасымалдаумен айналысқан 2 жүргізуші жауапқа тартылды. Сондай-ақ, жолаушыларға такси қызметін үнемі тықпалап ұсынған екі жүргізуші де әкімшілік жауапқа тартылды.

Заңсыз қайта жабдықталған 36 көлік анықталды. Оның ішінде 4 автобус жүргізушісі көлікті жатын орынға айналдырып, жолаушылар тасымалымен айналысқан.

Іс-шара аясында 71 көлік арнайы айып тұрағына қойылды.

Жамбыл облысы Полиция департаменті барлық жүргізушілер мен тасымалдау компанияларын жолаушылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. 

Айта кетейік, Жамбыл облысында тыйым салынған діни материал таратқан топ сотталды.

Соңғы жаңалықтар