Екі облыста мектептердің қауіпсіздік жүйесінде кемшіліктер анықталды - ІІМ
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Саденов жаңа оқу жылына дайындық шараларына қатысты түсінік берді.
- Білім беру объектілері қауіпсіздік талаптары бойынша толықтай тексерілді. Жалпы, мекемелер тарапынан тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде ұйымдардың 100 пайызы бейнебақылау жүйелерімен және дабыл түймелерімен жабдықталған. Мектептердің 93 пайызының бейнекамералары жедел басқару орталығына қосылған. Бұл ретте Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жұмыстар жеткіліксіз. Бұл өңірлерде мектептердің тек 70-тен астам пайызы полицияға қосылған. Тексеру барысында 500-ге жуық кемшілік анықталды. 174 басшы жауапқа тартылды. Оқу-ағарту министрлігіне және әкімдіктерге аталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою қажет, - деді Е. Саденов.
Сонымен қатар ол білім беру нысандарының маңында жол инфрақұрылымы тексерілгенін айтты. Мекемелердің 90 пайызы талаптарға сәйкес келеді.
- Бірақ бірнеше өңірде бұл жұмысты қолға алу қажет, яғни Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл облыстары. Жалпы ел бойынша 180-нен астам бағдаршам, 1 мыңға жуық жасанды жол кедергісі, 4 мыңнан астам жол белгісі, 13 мың метр жаяу жүргіншілер қоршауы және 1 150 сыртқы жарықтандыру құрылғысы орнатылуы қажет. Әкімдіктерге бұл жұмысты тезірек аяқтау керек, - деді министр.
Бұған дейін хабарланғандай, биыл 1-сыныпқа 380 мыңнан астам бала қабылданады.