Екатеринборда өтетін ШЫҰ саммиті: басымдықтар мен ығыттар

None
None
МӘСКЕУ. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Маусым айының ортасында Екатеринборда Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекет басшыларының саммиті өтеді. Мемлекеттік қатынастар жөніндегі Мәскеу мемлекеттік институтының Шығыс Азия елдерін және Шанхай ынтымақтастық ұйымын зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Леонид Гусев өткелі отырған саммитке орай ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген еді.
- Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылдың маусым айында құрылып, алты тұрақты мүшенің - Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің басын қосты. Ұйым о баста Қытаймен арадағы шекара мәселелерін реттеу үшін құрылған Өзбекстаннан басқа бес елдің - «шанхай бестігінің» негізінде құрылды. Ал 2001 жылы бұл құрылымға Ташкент қосылды. 2005 жылы Астанада өткен саммитте тағы үш елге «бақылаушы» мәртебесін беру туралы шешім шығарылды. Кейіннен Душанбе саммитінде Ұйымның құрамына жаңа мүшелерді қабылдау жөніндегі шарттармен айналысатын комиссия құру және «Диалог бойынша серіктес» деген саты енгізу туралы шешім қабылданды. Осылайша, «диалог бойынша серіктес», «бақылаушы ел» және «ШЫҰ-ға қатысушы ел» деген үшсатылы модель қалыптасты. Ал Екатеринборда өткелі отырған саммите тағы екі елді - Беларус Республикасы мен Шри-Ланканы ? «диалог бойынша серіктес» ретінде анықтау жоспарланып отыр. - Екатеринбор саммитінде Ауғанстандағы жағдай талқыланады ма? -Иә, Шанхай ынтымақтастық ұйымының кейбір мүшелерімен шектесіп жатқан Ауғанстан, өкінішке орай лаңкестік пен есірткіні жеткізуші ошаққа айналып отыр. Өзіме мәлім соңғы мәліметтерге тоқталар болсам, есірткінің әлемдік өндірісінің 96 пайызы дәл осы Ауғанстанның үлесіне тиесілі екен. Еліткіш заттың негізгі бөлігі осы елден тасымалдануда. Сондықтан да Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңістігіндегі аймақтық қауіпсіздік мәселесі алдыңғы қатарға шығады. Бұл жерде өзбектің Әндіжан қаласындағы оқиғаны, Өзбекстанның Ислам қозғалысы экстремистік ұйымының іріткі әрекеттерін еске алуға болады. Сонау 2002 жылы «алтылық» Ауғанстанды айналдыра «есірткіге қарсы белдеу» құру мәселесін талқылаған еді. Өкінішке орай, сол игі ниеттердің барлығы тек қағаз бетінде қалып отыр. Жақында Мәскеуде ШЫҰ-ның ұйытқы болуымен Ауғанстан бойынша халықаралық конференция өтті. Онда сөз болған негізгі тақырып - Ауғанстаннан бастау алатын есірткі трафигінің ағымымен күресудің жолдарын талқылау болды. Ең қызығы, ол жиында алғаш рет Иран мен АҚШ өкілдері қатар басқосты. Наурыздың 31-інде осындай жиын Голландияның Гаага қаласында өтті, Әлемдік қоғамдастықтың Ауғанстан жақтан төніп отырған тәуекелдер мен ығыттарға қатты алаңдап отырғанын осыдан-ақ көруге болады. - ШЫҰ кеңістігіндегі экономикалық ықпалдастық туралы не айтар едіңіз? - ШЫҰ аясындағы экономикалық кооперация маңызды құрамдас мәселе болып табылады. Бұл бағытта да көптеген жан-жақты құжаттар мен жобалар қабылданды. Мысалы, арнайы ШЫҰ-ның Іскерлік кеңесі құрылды. Энергетикалық клуб құру мәселесінің де сөз болғанына біраз болды. Дейтұрғанмен әзірге ол жобалардың барлығы тек талқылау деңгейінде қалуда. Ал Ұйым елдері арасындағы барлық келісімдер негізінен екіжақты негізде жүзеге асырылып жатыр. Бірақ та бұл мәселені жүзеге асыруға алғышарттар жеткілікті. Сондықтан да экономикалық кооперация мәселесін ұйымның «перспективалы» бағытына жатқызуға болады. - Қазақстанның Шанхай ұйымына атсалысуын қалай бағалар едіңіз? - Ең алдымен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында Қазақстанның сыртқы саясаты нақты көпвекторлы мазмұнға ие болғанын айтар едім. Астана батыстық орталықтармен де, жақын көршілері - Ресей және Қытаймен де орнықты қарым-қатынас орнатып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Шанхай ынтымақтастық ұйымының жұмысына атсалысу Қазақстанға Мәскеумен және Бейжіңмен тең құқылы қарым-қатынас орнатуға ғана емес, өзін аймақтағы беделді «үшінші полюс» ретінде танытуға мүмкіндік беріп отыр. - Сұхбатыңызға рахмет.
Соңғы жаңалықтар
telegram