Екібастұзда Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы сотталды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Осы жылдың 31 наурызында Павлодар облысында Екібастұз қалалық соты Екібастұз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Д.Куконевке, оның орынбасары Ж.Маймановқа және кәсіпкер Б.Жұмашевке қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.

– Куконев пен Майманов Жұмашевтен өзінің кәсіпорнымен мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет көрсету шарттарын жасасқаны үшін жалпы сомасы 7,4 млн теңгені бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылды, - делінген хабарламада.
Сот үкімімен Куконев 7 жыл 6 айға, Майманов пен Жұмашев әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, олар өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айырылды.
Сонымен қатар Куконев «азаматтық қорғаныс полковнигі», Майманов «азаматтық қорғаныс майоры» арнайы атағынан айырылды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
Бұған дейін Түркістан облысында білім саласының қызметкерлері 547 миллион теңгеден астам қаржы жымқырды деген айыппен сотталғанын жазған болатынбыз.