Екібастұз қаласын басқан қою түтін жұртты шошытты
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Екібастұз тұрғындары әлеуметтік желілерде қаладағы қою түтін мен жағымсыз иіске шағымданды.
Әлеуметтік желіде Екібастұз көшелерінен түсірілген бейнежазба жарияланған.
Пікір қалдырған тұрғындар түтін салдарынан тыныс алудың қиындағанын атап өткен.
Кейін әлеуметтік желілерде көмір кенішінен түсірілген бейнежазба да пайда болды. Онда да түтіннің таралғаны анық байқалады.
Жарияланымдардан кейін Павлодар облысының экология департаменті тексеру жұмыстарын ұйымдастырған. Мамандар Екібастұз қаласының қоғам өкілдерімен, жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің және «Қазгидромет» РМК қызметкерлерімен бірлесіп, атмосфералық ауаның сапасына өлшеу жүргізген.
- Екібастұз қаласының тұрғын үйлер орналасқан аумағында және ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың санитарлық-қорғау аймақтарында атмосфералық ауаның сапасына зерттеу жүргізілді. Зерттеу нәтижелері бойынша атмосфералық ауа құрамындағы ластаушы заттардың шекті жол берілетін концентрацияларынан асып кету деректеріанықталған жоқ, — деп хабарлады Павлодар облысының экология департаментінен.
Бұған қоса департамент «Ангренсор Энерго» ЖШС көмір кенішінің маңайындағы үйінділерде түтіндеу әлі де жалғасып жатқанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, жоспардан тыс тексеру барысында эндогендік өрт ошақтары анықталған.
Бұдан бөлек, 27 тамызда «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-де жүргізілген тексеру аяқталған.
Атмосфералық ауаның сапасын зерттеу барысында көміртек тотығы бойынша рұқсат етілген шығарындылар нормативтерінің асып кеткені анықталған.
Қазіргі уақытта мамандар Екібастұз қаласының қоғам өкілдерімен бірлесіп, қаладағы түтіннің пайда болу себептерін анықтау бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
Екібастұз тұрғындары кеніштегі көмірдің үнемі жанып жататындығына бұған дейін де шағымданған болатын. https://kaz.inform.kz/news/ekbastuz-turgindari-kenshteg-komrdn-unem-zhanip-zhatatindigina-shagimdandi-9b105b/
Биылғы қаңтар айында экология департаменті өңірдегі төрт көмір кенішінде көмірдің үнемі қызып, жану деректерін растаған. Компанияларға жалпы сомасы 3 млн теңгеге жуық айыппұлдар салынды.