Екібастұз көмірін ашқан Қосым Пішенбаев жайында не білеміз

Қосым Пішенбаев
Фото: Екібастұз тарихи-өлкетану мұражайы

ЕКІБАСТҰЗ. KAZINFORM – Аты аңызға айналған әйгілі кентанушы Қосым Пішенбаевтың есімін бүгінде отандық геология саласы аса қастер тұтады. Баянауылдың түкпіріндегі Үрпек ауылында туып, кен өнеркәсібіне қатысты ешбір кәсіптік білімі болмаса да табиғатқа, қоршаған ортаға деген ерекше сүйіспеншілігі оны жастайынан тастың тілін түсінуге жетелегені анық. Биыл әйгілі «дала академигінің» туғанына 180 жыл толып отыр.

Қосым Пішенбаев
Фото: Баянауылдағы «Боқырау» жәрмеңкесі, шамамен 1911 ж.

Қосым Пішенбайұлы 1844 жылы туған. Жаратқанның бойға берген ерекше сыйы болар, Қосым бала шағынан тау-тасты кезіп, шалғай жерлерді аралауға құмар болыпты. Ол тұста жер барлаушы, геология ғылымы дегенді қазақ түсінбейді. Ешқандай кәсіби білімі жоқ Қосым жігіттік шаққа дейін салт атпен, түйемен біраз өңірді шолып, сол тұста-ақ болашақ кен көздерінің біразын зердесіне түйіп үлгерген. Осы бір елден ерек қасиетін ауылдастары жақтырмай, «Кезбе Қосым» деп атап кеткен деседі.

Александровка
Фото: Баянауылдың Александровка кен орны. ХХ ғасырдың басы

Ол – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ жеріндегі 20-дан астам кен орнын алғаш ашқан қазақ. Екібастұз секілді алып өндірістік аумақтың негізін салып берген кентанушының қай еңбегі болсын атауға тұрарлық. Қ. Пішенбаев іздеп тапқан кен орындары ішінде «Екібастұз», «Александровка», «Берікқара», «Қазанауыз», «Майкөбе», «Майқайың», «Жосалы», «Көктас», «Желтау», «Жартас», «Үшқатын», «Найзатас», «Үшқара», «Қарақұра», «Шөптікөл», «Алтынды» сияқты нысандар бар.

кен
Фото: Кенді қолмен ұсақтап жатқан қазақтар. ХХ ғасырдың басы

Бір деректерде ғұлама ғалым, Қазақ КСР академиясын алғаш ұйымдастырушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Қосымды ерекше сыйлап, онымен үнемі байланысып тұрғандығы, сыртта жүргенде Қосымға телеграмма жібергені айтылады. Бұдан біз қарапайым кен барлаушының ғалым тарапынан зор құрметке ие болғанын байқаймыз.

қосым
Фото: «Қаныш аға осындай еді» кітабынан. 1999 ж. Авторы - Қалмұқан Исабаев

Ал атақты жазушы Қалмұқан Исабаев «Қаныш аға осындай еді» кітабында академиктің мынадай сөздерін келтіреді: «Пішенбаев Қосым дегенді естулерің бар ма?.. Ол қазір дүниеде жоқ адам. Екібастұз көмірін тапқан сол. Құжаттарын іздестіріп тауып, мына разрезді (қазіргі «Богатырь» кеніші) соның атына қойғандарын дұрыс болар еді...»

Қалмұқан аға бұған қоса бірнеше зерттеу материалдарын жария етіп, нәтижесінде Екібастұзда тұлғаның зәулім ескерткіші ашылып, атына көше берілді.

Қосым
Фото: Екібастұз тарихи-өлкетану музейі

Қосым жайлы кеңес өкіметінен арғы патша заманындағы деректер де мол кездеседі. «Қосым айырымы» деген геологиялық белгі сол кезеңде кен іздеумен айналысқан өнеркәсіпшілер үшін үлкен жаңалық болған. Ал Екібастұз көмірі мен Майқайыңдағы бай алтын қорын іздеп табуы тарихи тұрғыдан үлкен оқиғалар екені сөзсіз. Ол жайында аймақтың белгілі өлкетанушылары, соның ішінде Дмитрий Багаев та мол естеліктер жазып кетті. 

Қосым
Фото: Өнеркәсіпшілер сызбасы

«Алтын өнеркәсібі және тау-кен ісі жаршысының» 1990 жылғы №10 санында Екібастұздағы көмір орны туралы былайша баяндалады.

«Деров іскер адам ретінде көмір өндірудің маңыздылығын және бұл істің табысты екенін түсінді (ол уақытта Батыс-Сібір теміржолын салу мәселесі шешіліп жатқан, ал көмір ең негізгі проблема еді) және 90-жылдардың басында ол көмірдің сенімді жерлерін іздеуге белсене кірісті, ақыры мұндай жердің бірі Екібастұз алабында 1893 жылы ашылды. Бұл кен орнын ашу құрметі жергілікті қазақ Қосымға тиесілі. 1895 жылы Қосым айырымында (Қосымның талабы бойынша ол жер Қосым алабы деп аталды) іске берілгенде әуелі беткі топырағы алынып, кен қазушылар көмірге жетті. Одан соң 5-ші және 6-шы сажында оңтүстік-батысқа және солтүстік-шығысқа қарай бірлік векторлары белгіленді, бұл жерде назар аударуға тұрарлықтай көмір қабаттары табылған еді. Көмір қабаттарының орналасудағы жалпы сипаттамасын айқындау үшін тау-кен инженері Мейстер көлдің батыс жағалауына жақын орналасқан Қосым шахтасынан Воскресенская шахтасына дейінгі қабаттардың кеңеюіне орайластырып қосымдық барлау желісін жүргізді. Қосым шахтасы жанындағы қабаттардың құлауы Ю-3-те күрт келеді...»

Тума талант геолог Қосым Пішенбаевтың есімі кейінгі ғылыми әдебиетте де ұмытылған жоқ: «Қазақстандағы төңкеріске дейінгі түсті металлургия және тау-кен ісі» – Воскресенск теміржол зауытының жазбасында мынадай жолдар кездеседі:

«Воскресенск зауыты 1900 жылдың 17 сәуірінде іске кірісті. Ол халық аңызы бойынша көшпелілерден шыққан мал бағушы Қосым Ишенбаев ашқан (бұл жерде тегінде қате жіберілген) Екібастұздың көмірімен жұмыс істеді».

Өлкетанушы Александр Черкашин Қосымның Шақпақ кен орнында қазақ жұмысшыларының басын құрап, алғашқы артель ұйымдастырғаны туралы да жазған. Дала қазақтары сол жерде алғаш «қара тастың» отқа жанатынын көрген. Артель көп ұзамай тарап кетсе де, бұл әңгіме әлі күнге дейін ел арасында айтылып жүр.

Майқайың
Фото: Майқайыңдағы кен өндіру. 1916 жыл

Енді Қосымның ұрпақтары мен өмірі жөнінде бірер сөз айтсақ. Қосым Пішенбаевтан қалған ұрпақ бүгінде бар. Кейбіреулер 32-нің аштығында оның отбасы түгел қырылып қалды деп ойлайды. Жоқ, шындығында одан Әбіш, Мұқыш дейтін екі ұл қалған. Әбіштен Қайша, Қатыкен, Хадиша атты қыз балалар туған. Хадишаның қызы Рымтай кішкене шағында нағашы атасы Әбіштің қолында өскен. Рымтайдан бүгінде Гауһар, Гүлнәр деген екі қыз тарап отыр. Өкінішке қарай, Қосымнан еркек кіндік ұрпақ қалмаған. Десе де, оның аталас туысы Амантай Ақышұлы Есімбаев бүгінде көзі тірі, шежірелі қарттардың бірі. Амантай аға – Қосымның інісі Есімбайдың ұрпағы. Екібастұз шаһарында тұратын ақсақалмен жолығып, көп жайттың анық-қанығын дұрыстап алғанды жөн санадық.

Амантай Есімбаев
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Қосым Құлболды руының Майлытонынан тарайды. Майлытонның кейінгі ұрпақтарының бірі – Қоныс. Қоныстың төртінші әйелінен Пішенбай туған. Пішенбайдан Қосым мен Есімбай кіндік таратты. Есімбай – Амантай ағамыздың атасы. Амантай Ақышұлы бүгінде Пішенбай әулетінен қалған жалғыз ер азамат.

«Қосымды көрген, онымен бір шаңырақ астында күнелтіп, талай қиындықты бірге бөліскен азаматтармен дастарқандас болдым. Соның бірі – Баянауылдың Күркелі ауылында тұрған марқұм Әбдірахман ақсақал еді. 1970 жылдардың аяғында Южный совхозына зоотехник болып барғанда, Әбекең көп жайтты ақтарған еді. «Қарағым, мен өлсем мойнымда қарыз болып қалады. Қосекең 88 жасқа келіп қайтты. Үш адам өз қолымызбен жерледік, оның бірі мен едім. Саған жерленген жерін нұсқап кетейін» деп, мені Мақаш қыстауына алып барып, сол жердегі көп зираттың арасынан Қосымның қабірін көрсетіп кетті. Кейін басына ескерткіш тас орнатып, айналасын қоршадық.

Әбекең өле-өлгенше Қосымның аруағына риза болып кетті. 1932 жылдың аштығында Мақашта 5-6 отбасының аман қалуына Қосым тікелей себепкер болған екен. Соның арасында Әбдірахман отбасы да бар. Сол жылы жазда-ақ жер танығыш Қосекең биыл жұт болғалы тұр, ертерек қамданайық деп өзі жақсы білетін ер азаматтарды тізе біріктіруге шақырады. Елде асыра сілтеудің қызып, жұртшылықтың малы тартып алынып жатқан кез. Осы жазда-ақ сай-салаға босып жүрген аш-арықтар толып кетеді. Аш адам жыртқыш адамнан да қауіпті. Қосымның жөн сілтеуімен жаңағы 5-6 отбасы бір үйге келіп қоныстанады. Үйде адам қарасы көп болса, жалғыз-жарым азық іздеп келуге жүрегі дауаламайтыны айқын. Қосекең қолда қалған барлық мал-мүлік, тері-терсекті Қоянды жәрмеңкесіне айдатып, бидай, шай, қант секілді қат азықтарға айырбастатады. Атпен алып келгенде бидай 6 қап шыққан екен. Қосым «бұл бидай біздің әулеттеріміздің сақталып қалуына бірден-бір себепкер болады. Осыны көздің қарашығындай сақтауымыз керек» деп, әлгі үш бөлмелі үйдің жал пешін бұзғызып, ортасынан қуыс қалдырып, барлық дәнді сол жерге төгіп, қайтадан қалатып тастайды. Әйгілі 32-нің қысында бұл үйдегі барлық жан осы бидайдан күніне қуырып жеп, жан сақтаған екен. Олардың арасында қос ұлы – Әбіш пен Мұқыш бар. Міне, бұл да Қосымның бір ерлігі еді.

Өкінішке қарай, осы қыста Қосым көз жұмады. Аштықтан емес, аурудан. Сол жылы Майқайыңнан ағылшындардың барлық өндірісті тастап, үдере кетіп жатқан кезі. Алғашқы қар түскенде ағылшындар қос ат жеккен шаналарымен көше бастайды. Сонда атамыз: «Шіркін, бұл шаналардың іші алтынға толы, біреуін қолға түсірсек, арман не!» - деген екен. Сөйтсе, әлгі шаналардың табанындағы ағаштардың іші ойылып, түйір алтынға толтырылған екен. Сырт көзге байқалмайтын ағылшындардың қулығын Қосекең бұрыннан білген ғой. Атамыз күздің қара суығында түйесіне мініп, ағылшындарды торуылдап кетеді. Алайда, жолы болмай, қарулы әскерден сескеніп, шананы қолға түсіре алмай қайтады. Ұзақ жол жүріп шаршап келген, оның үстіне жүдеген Қосекеңнің жасы да сыр бере бастаған уақыт. Төсек тартып қалған. Сол қыста о дүниелік болады. Сонда бір үйде қоныстанған Әбдірахман, Жәмін және тағы бір (атын ұмыттым) азамат үшеулеп Мақаштағы зиратқа әкеп жерлеп, үстіне ескі үйлердің бірінен қалған есікті жапқан екен. Топырақтың тоң болып қалғаны соншалық, сүймен батпай, ескі зираттың қабырғасын құлатып, қабірді соның астынан қаздық деп отыратын Әбекең», - дейді Амантай аға.

Амантай ағамыздың айтуынша, Майқайыңның қызыл алтыны Қосымға дейін де белгілі болған. Ертеде бұл жерде тибеттік монахтар біраз уақыт кен өндірген деседі. Кейін алтыны таусылды деп болжанған екен. Алтын іздеген ағылшындарға Қосым бұл жерде әлі де болса алтынның мол қоры бар деп көрсетіп берген. Сөйтіп бұл маңда елдің қоныстануына, аймақтың дамуына үлес қосады. Ол орыстың көпестері мен ағылшындарға жер өлшеуші болып жалданып жұмыс істеп, ақысына ақша алып отырған. Майқайыңның алтыны, Баянауылдың мысы Ертіс өзені арқылы пароходпен тасымалдана бастаған кезең бұл. Тауарды кеме айлағына дейін пар өгізбен жеткізу (тіке жолмен жүргенде 110-120 шақырымдай болады) аса қиындық туғызатынын байқаған орыс көпестері Майқайың тұсынан қазіргі Ақсу қаласы орналасқан аумаққа дейін теміржол сала бастайды. Енді паровозды жүргізетін отын – көмір қажет еді. Қосым бастаған жер барлаушыларға шұғыл түрде жақын жерден көмірдің бай кен орнын табу міндеті жүктеледі. Қосым бұл тұста да өз міндетін адал атқарды. Қазіргі Екібастұз алабынан алғашқы көмірді тауып, жер бетіндегі ең ірі кенішке қазық қақты. Бұл туралы верхотурлық көпес Александр Бенардакидың хабарламасында айқын көрсетілген.

кен
Фото: Өнеркәсіпші Бенардакидің өтінімі. 1867 жыл

Қосым жайлы аңыздар көп. Оның ағылшын көпестерінің шақыртуымен Лондонға баруы, «атаман Өске»-мен егескені, қорқау қасқырды өлтіргені, тіпті елде бидай мен картоп, темекі жапырағын өсіргені жайлы да әңгімелер жетіп артылады. Анығы, «Ол тума дарын иесі болды. Елге, жерге жасаған жақсылығы көп болды» дейді білетіндер. Тұлғаның еңбегін елге танытып, ұрпаққа насихаттау үшін Қосым жайлы зерттеулер жүргізу қажет. Бұған қоса оның есімі Майқайың кентінде ұмытылып қалғаны өкінішті...

Қосым Пішенбаевтың кесенесі
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Бұдан төрт-бес жыл бұрын Баянауылдағы Қосым Пішенбаевтың басына кесене тұрғызылғанын айтып өтейік.

Қосым Пішенбаевтың кесенесі
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар