Екібастұзда балалар жазғы демалысын этноауылдарда өткізіп жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Кеншілер қаласының мектептерінде 16 киіз үй тігілген. Оқушылар мұнда халқымыздың салт-дәстүрінен сусындап, ұлттық қолөнерді үйренеді.

жазғы демалыс лагерь
Фото: Өңірлік білім беру мекемелері

Екібастұз қаласы оқушылар үшін дәстүрлі этноауыл нақышындағы жазғы демалысты ұйымдастыруға мән беріп отыр. Мектептер жанында және «Қайнар» шығармашылық орталығында жалпы саны 16 киіз үй тігіліп, балалар күн сайын халқымыздың ұлттық салт-дәстүрінен сусындайды.

лагерь
Фото: Өңірлік білім беру мекемелері

Мұнда «Басқұр тоқу» жобасы басталған. Қолөнер шеберлері мектеп оқушыларына ежелгі қазақ қолөнерінің қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік ұсынады. Бастаманың аясында киіз басу өнері мен киіз үйге арналған дәстүрлі оюлы басқұр тоқуды үйреніп жатыр. Мұндай ерекше лагерьлер ұлттық рухты жаңғыртып, жас ұрпаққа ата-бабамыздың асыл мұрасын, бай салт-дәстүрін насихаттауды мақсат етеді. Балалар ою-өрнек қиып, қазақтың ұлттық тағамдарын дайындауды үйренеді, қолөнер бұйымдарын жасап, шеберлігін шыңдайды. Күн сайын домбыраның күмбірі естіліп, терме мен күй арқылы рухани азық алуға мүмкіндік беріледі.

бала, оқушы, демалыс
Фото: Өңірлік білім беру мекемелері

- Ұлттық этнофестиваль жобасы бойынша біздің жазғы лагерлеріміздің жұмысы әралуан бағытта құрылған. Мәселен, ер балалар қамшы өрумен танысса, қыз балалар түрлі тоқыма өнерін меңгереді. Барлық мектепте бестемше ойынына мән беріліп жатыр. Бестемше – тоғызқұмалақ сияқты математикалық ойын. Балабақшадан бастап енгізіп, балалардың жылдам есептеу зейінін арттыруға назар аударудамыз. Ойынды кез келген жерде ойнауға болады. Бұған қоса еліміздің ұлттық ойындар академиясымен байланысып, асықтың бес түрі бойынша асық жиынтықтарын алдырттық. Оқушыларымыз демалыс кезінде бес кеней, бес асық, бәйтерек және т.б. асық ойындарын ойнайды. Тағы бір бағыт – зергерлік, қыш құмыралар жасау өнері. Оған қызығушылар саны да көп екенін байқаймыз. Күн сайын балаларымыз лагерьлерде қазақ әндері мен билері, күйлер, шешендік сөздер, бата беру бойынша сайыстарға қатысады, - дейді Екібастұз қалалық білім беру бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова.

Кеншілер қаласы мен оған қарасты ауылдарда 40 мектеп бар, олардың барлығында жазғы лагерьлер жұмыс істеп тұр. Жалпы саны 22 мыңға жуық бала қызықты демалыспен қамтылған. Педагогтар тәртібі қиын, осал топтағы жасөспірімдерді де ұмытпаған. Әр күні кешкілік есепте тұрған 100-ден астам баланы ойын алаңдарына шақырып, түрлі сайыстар ұйымдастырады. Қала бойынша 600 бала еңбек жасақтарына тартылса, 4 мыңнан астам оқушы жергілікті кәсіпорындарда жаз айларында еңбек етіп жүр.

лагерь
Фото: Өңірлік білім беру мекемелері

Маусымның соңына таман жазғы демалыста жүрген 200-ден астам екібастұздық жас өренді этносапар күтіп тұр. Баянауылдағы Торайғыр ауылында 15 киіз үйден тұратын этноауыл құрылып, балалар сонда бірнеше күн тынығады. Ұлттық ойындар, табиғат аясындағы танымдық серуендер мен шығармашылық бағыттағы іс-шаралар балалар үшін есте қаларлық сапар болмақ.

Оқушылардың демалысын қызықты өткізу Баянауыл ауданында да барынша ескерілген. 26 мектептің 23-інде жазғы мектеп жанындағы алаңдар жұмысын бастап кетті. 1-10-сыныптарда оқитын 3967 бала толығымен қамтылған. Жазғы демалысты ұйымдастыруға бюджеттен 22 млн теңгеден астам қаражат бөлініп, бастауыш сыныптардың 1230 оқушысы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.

Торайғыр ауылындағы «Балдәурен» сауықтыру лагері де есігін айқара ашып, аудандағы 160 оқушы, соның ішінде жөндеу жүріп жатқан мектептердің оқушылары, сондай-ақ көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың, жетім және қамқоршысынан айырылған балалар демалады. Ал облыстық деңгейдегі «Жасдәурен» оқу-сауықтыру лагерінде ауданнан 80 оқушы демалады.

Аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Гүлден Хабибуллинованың сөзінше, балалар алдағы уақытта Баянауылдың киелі жерлеріне сапарлайды. Атап айтқанда, Мәшһүр Жүсіп кесенесіне, Қ.Сәтбаев пен С.Торайғыровтың мұражайларына, Жасыбай батыр бейітіне, «Қоңыр әулие» үңгіріне, «Кемпір тас» жартасына танымдық саяхатқа шығады. Одан бөлек, жас жеткіншіктер Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар қалаларына, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Жидебайға қызықты саяхатқа барады деп жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, биыл Павлодарда биыл 109 мыңнан астам оқушы жазғы демалысын тиімді өткізе алады. 

Соңғы жаңалықтар