Екібастұзда балалардың заманауи шығармашылық орталығы ашылды

ЕКІБАСТҰЗ. KAZINFORM - Екібастұздағы «Самғау» орталығы заманауи құрал-жабдықтармен жасақталған және мұнда ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін барлық жағдай қарастырылған. Аумағы 7 мың шаршы метрден асатын кешен толығымен демеушілер бөлген қаржыға тұрғызылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

«Самғау» орталығы
Фото: «Самғау» орталығы

Орталықтың құрылысы 2023 жылдың қазанында басталған болатын. Қазір жұмыстар толық аяқталды. Үш қабатты ғимаратта дәрістер 12 бағытта жүргізілмек. Атап айтқанда жеткіншектер – IT, музыка, бейнелеу өнері, робототехника, ландшафтты дизайн салаларында білім алады. Мұнда дыбыс жазу студиясы, телестудия мен фотоакадемиядан тұратын толыққанды медиаорталық құрылған. Балалар бимен айналысып, театр шеберханаларында тәлім алады, керамикамен жұмыс істеп, арнайы жасалған «жасыл зертханада» өсімдіктердің күтімімен айналысады.

 «Самғау» орталығы
Фото: «Самғау» орталығы

Ғимараттың бірінші қабатында репетиция залы мен 275 орындық үлкен көрермен залы бар. Бұдан бөлек, орталықта психологиялық-педагогикалық қолдау кабинеті мен тренажер залы, үстел теннисі мен емдік денешынықтыру аумағы қарастырылған.

- Біз бүгін мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен тұрғызылған балалардың шығармашылық орталығын салтанатты түрде аштық. Жаңа ғимаратта 9 мың бала дәріс алу арқылы Екібастұздағы жеткіншектердің қосымша білім алу көрсеткішін 30 пайыздан 70 пайызға дейін арттырады. Орталық түрлі бағытта білімді жетілдіруге мүмкіндік беретін заманауи технологиялық құралдармен жабдықталған. Атап айтар болсақ, өсімдікті өндіруге мүмкіндік беретін гидропоникалы ғылыми-биологиялық зертхана, ландшафтты архитектура мен флористика, киім тігу технологиясы мен сәнді дизайнға негізделген фэшн-индустрия секілді жаңа бағыттар көңілге мақтаныш сезімін ұялатады. Мен «Самғау» шығармашылық орталығының әрбір жеткіншек үшін өз талантын паш етіп, бар мүмкіндігін көрсетіп, болашаққа еркін жоспар құра алатын ортаға айналарына сенімдімін, - деп мәлімдеді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

 «Самғау» орталығы
Фото: «Самғау» орталығы

 

Ғимарат құрылысы толығымен демеушілердің есебінен жүзеге асырылды. Бұл тау-кен өндірісімен айналысатын қос ірі компания. Олардың бірі жобаны жүзеге асыру үшін 4,6 миллиард теңге бөлген KAZ Minerals Тобы.

- Балалар шығармашылықпен айналыссын, білім алсын, таланттарын ашсын десек оларға жақсы жағдай жасалу керек. Сол себепті KAZ Minerals Тобы аталған жобаны жүзеге асыруға ерекше қолдау көрсетті. Біздің компания жас ұрпақтың дамуына ерекше көңіл бөліп келеді, және бұл жобаны біз қаланың инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесіміз ғана емес, сонымен бірге болашаққа да қосқан үлесіміз деп білеміз. Біз жаңа орталық Екібастұздағы барлық талантты жеткіншектердің басын қосатын орынға айналарына сенеміз, - дейді KAZ Minerals Bozshakol компаниясы бас директорының міндетін атқарушы Нұрлыбек Қыстаубаев.

 «Самғау» орталығы
Фото: «Самғау» орталығы

Балалардың шығармашылық орталығы демалыссыз жұмыс істейді. Дәрістердің барлығы тегін. Алдағы уақытта жаңа нысанның жұмысы мен күтіміне Екібастұз қаласының білім бөлімі жауап беретін болады.

Соңғы жаңалықтар