Екібастұзда экологиялық талаптарды бұзған кәсіпорын 70 млн теңгеге жуық айыппұл төледі

АСТАНА. KAZINFORM- Екібастұз өңірінде экологиялық заңнама талаптарын бұзған кәсіпорындарға айыппұл салынды, деп хабарлайды Павлодар облысының прокуратурасы.

айыппұл
Фото: freepik.com

«Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС күл-қож қалдықтарын арнайы белгіленген орыннан тыс жерге төккені үшін 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлесе, басқа өнеркәсіптік кәсіпорынға атмосфераға ластаушы заттарды белгіленген нормадан артық шығарғаны үшін 70 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Сот актілері заңды күшіне еніп, айыппұлдар төленді.

Табиғат қорғау прокуратурасы Екібастұз өңіріндегі жер учаскелеріне көзбен шолу жүргізу барысында ГРЭС-1 станциясының күл-қож қалдықтарын тасымалдау құбырына іргелес аумақта қалдықтардың жиналғанын анықтады. Бұған көмір жағу кезінде пайда болатын қалдықтар мен судың қоспасының ағып кетуі себеп болған.

Осылайша, күл-қож қалдықтары арнайы белгіленген орыннан тыс жерге төгілген. Бұл экологиялық заңнама талаптарын бұзу болып табылады.

Аталған факті бойынша облыстың экология саласындағы уәкілетті органына заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыну енгізілді. Экология департаменті «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-не қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 344-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырды.

Екібастұз қалалық сотының қаулысымен кәсіпорын әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Бұдан бөлек, басқа өнеркәсіптік кәсіпорынға атмосфераға ластаушы заттарды белгіленген нормадан артық шығарғаны үшін 70 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.

Сот актілері заңды күшіне еніп, салынған айыппұлдар төленді.

Осыған дейін ШҚО-да экологиялық тексеруден соң 12 ауылдық округ әкімі жазаланғаны туралы жаздық.