ШҚО-да экологиялық тексеруден соң 12 ауылдық округ әкімі жазаланды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында 15 рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталып, бақылауды босаңсытқан 12 ауылдық округ әкімі әкімшілік жауаптылыққа тартылды, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы.
Тексеру «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын іске асыру шеңберінде жүргізілді. Прокуратура органдары заң бұзушылықтарды спутниктік суреттерді талдау және аудан аумағын көзбен шолып тексеру нәтижесінде тапты.
Абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін полиция қызметкерлері 177 азаматты әкімшілік жауапқа тартты. Сонымен қатар тиісті бақылауды жүзеге асырмаған 12 ауылдық округтің әкіміне де әкімшілік айыппұл салынды. Салынған айыппұлдар толық көлемде өндірілді.
Аудан прокуратурасы тұрғындарға тазалық пен тәртіпті сақтау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау қажеттігін ескертеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр және қадағалаушы органның бақылауында тұр.
Осыған дейін ШҚО-да экология заңнамасын бұзған кәсіпорынға 100 млн теңгеден астам айыппұл салынғаны туралы жаздық.