Екібастұзда не себепті төтенше жағдай жарияланды

 ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Төтенше жағдай Майқайыңға су жеткізетін үлкен құбырдағы апаттың салдарын жою мақсатында жарияланды. Желінің зақымдалған бөліктері қала аумағында орналасқан.

екібастұз
Фото: Валерий Бугаев

Аталған су желісі 1996 жылы салынған және бүгінгі таңда айтарлықтай тозығы жеткен.

Құбыр «Екібастұз қалалық су арнасы» коммуналдық ұйымының балансында тұр. 

Ашық НҚА порталында Жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы Екібастұз қаласы әкімінің шешімі жарық көрді. 

Онда техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жоюға бағытталған іс-шараларға қала әкімінің орынбасары Ержан Салхановтың жауап беретіндігі айтылған.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, төтенше жағдай құбырдағы ақауды жөндеу жұмыстары үшін бюджеттен қаражат бөлу мақсатында жарияланып отыр.

«Майқайың кенті мен Богатырь көмір кенішіне су жеткізетін құбырдағы ақауды жөндеу жұмыстары 21 ақпаннан жалғасуда. Барлығы 143 адам және 60 бірлік мамандандырылған техника жұмылдырылған. Оқиға орнында жедел штаб ұйымдастырылған» деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.

Еске сала кетейік, Екібастұздан Майқайың кентіне ауызсу жеткізетін үлкен құбыр жарылды.  

Бұған дейін Майқайыңда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. 

Соңғы жаңалықтар